Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аймақтағы туризмнің ахуалы

Аймақтағы туризмнің ахуалы

 Қазір әлемнің көптеген елі экономикалық ахуалын туризм арқылы арттырып отыр. Саланы дамытып, кәсіп көзін таба білген елдерге сырттан ағылатын туристер санында шек жоқ. Соның арқасында мемлекет қыруар пайда көреді. Мұның тиімділігі сол елдің дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруына да ықпалын тигізеді.
         Дүниежүзілік туризм ұйымының зерттеуі бойынша жаһандық экономикада басым рөл атқаратын сала мұнай, көлік экспортынан кейінгі 3-орынды тұрақтайды екен. Әрине, мұның экономикалық көрсеткішке, жұмыссыздықты жоюға және инфрақұрылымды дамытуға тиімді әсер ететіні анық. Пайдалы қазбасы жоқ елдерде бұл мол кіріс көзі.
Туризмді дамытуға мүмкіндік бар
         Еліміздің саяси тұрақтылығы, мәдени-тарихи орындардың ерекшелігі, географиялық жағдайымыз туризмді дамытуға қолайлы деуге болады. Тұмса табиғаты мен жұмбақ тарихы бар Көкшетау, Алатау бөктеріндегі Алматы,  мұнайлы өлке Атырау, қарт Каспий жағасындағы Ақтау, түркілердің бесігі болған Түркістан, қойнауы сыр бүккен Сырдың бойы сынды тағы басқа зоологиялық, ботаникалық, ландшафты аумақтар бізде жетерлік. Тек соны әрі қарай жетілдіру қажет.
         Жалпы еліміздегі туризм саласы өткен ғасырдан бастау алады. Алғашқы туристік экспедиция Алматы қаласындағы Есік көліне жиырмаға жуық мұғалімнің қатысуымен ұйымдастырылған екен. Осылайша ағартушылар бастаған жорықты қоғамның әр саласынан құрылған туристік топтар жалғастырады. Олар көбіне Алматы қаласы маңындағы көрнекті жерлерді аралаудан бастаған. Кейін 1936 жылдар шамасында әуесқой туристердің бастамасымен Алатау бөктеріндегі «Күйгенсай» шатқалында 50 орындық туристік база салынады. Сөйтіп еліміздің әр аймағынан туристік кеңес пен экскурсиялық бюро ашылып, бұл сала жан-жақты дами бастайды.
         Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тарихи-мәдени мұраларға баса мән беріле бастағаны белгілі. Сол тұста мұны туристік бағытта дамыту көзделді. Түрлі іс-шаралар жоспары құрылды. Десек те, мұның әлі күнге дейін насихаты кемшін. Әйтпесе, еліміздің барлық өңірінде тарихи орынды қоспағанда көз қызығарлық табиғат, тамсанарлық тау жоталары, шатқалдар мен қорықтар бар.
        
Сыр өңірі қонақтарды несімен таңқалдырады?
        Ал, аймақтағы туризмнің ахуалы қандай? Біз шетелдік қонақтарды қалай қызықтыра аламыз? Қазіргі кезде осы бағытта республикалық туристендіру картасына өңірден үш нысан енгізіліпті. Олар «Қамыстыбас» демалыс аумағы, «Жаңақорған» шипажайы мен «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы. Әсіресе, соңғы жобаға басымдық берілген. Оған негіз Американың Флорида штатында орналасқан Канаверал ғарыш айлағы. Оған  ай сайын миллионнан астам турист келіп, зымыранның ғарышқа ұшу сәтін тамашалайды. Әр туристтен түсетін қаржы көзі де қомақты. Сондай-ақ ақысына қарай ғарыш кемесінің ішіне ену, ғарышкермен кездесу сияқты қызметі де бар екен. Бұл ретте мамандар «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құрудың тұжырымдамасы әзірленгенін, ендігі техникалық-экономикалық бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Ал, жоба жүзеге асқан кезде Сыр өңірі шетел саяхатшыларын тартатын бірден бір туристік мекен әрі ірі табыс көзі болмақ.
         Өңірде турист тартуға қолайлы тағы бір аймақ Арал ауданына қарасты Қамыстыбас елдімекені. Көпшілік арасында Қамбаш атымен танымал көлге жаз мезгілінде ағылатындар санында шек болмайды. Соған қарай жергілікті тұрғындар жағажай аумағында жеке кәсібін жүргізіп отыр. Келушілер катер, жел қайық, катамаран және гидроциклді пайдалана алады. Әсіресе, Байқоңыр қаласы тұрғындары арасында сұраныс жоғары. Былтыр онда тоқсан мыңға жуық адам демалған. Ендігі мұнда туристік инфрақұрылымды дамыту көзделуде. Ол үшін 105 млн теңге көлемінде инвистиция тартылып, оған 90-нан астам нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
         Аймақтың оңтүстігіндегі «Жаңақорған» шипажайы тек еліміздің емес, шетелдік туристердің де ем алатын ошағына айналғаны қашан?. Мұнда арнайы ат басын бұратын саяхатшылардың саны жыл санап артып келеді. Сондықтан аймақта емдеу туризмін дамыту үшін шипажайдың айрықша орны бар. Мамандар алдағы уақытта сол маңнан 88 орындық жаңа емдеу нысанының ашылатынын айтады. Ол жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
         Аймақта әзірге осы 3 ауқымды жобаны дамыту қолға алынуда. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан қызмет көрсету нысандарын салу үшін 44 орын белгіленіпті. Бұл бағытта 6 млрд. 101 млн. теңге болатын инвистиция тартылып, 27 нысан қолданысқа енген. Соның нәтижесінде 700 тұрақты жұмыс орны ашылған.
     
   Мамандардың сөзіне сенсек, жыл басынан бері аймаққа табан тіреген шетелдік саяхатшылар 62,2 пайызды құрайды екен. Ішкі туризм бойынша 69,1 пайыз. Ал, оларға орта бағадағы 107 қонақ үй қызмет көрсетеді.  
         Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлемдік «Экспо-2017» көрмесі елдегі туризм саласының ілгері басуына өзіндік ықпалын жасады. Сол кезде Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» кешені қайта жаңартылып, шетелдік қонақтарды қабылдайтын негізгі тарихи мекен болған еді. Олар оны аралаумен ғана шектелген жоқ. Халқымыздың мәдениетімен танысып, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан құлағдар болды. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағынада қонақтар аса қызығушылық танытты. Нәтижесінде өзге ұлттарды Сыр өңірінің тарихы мен ондағы құндылықтар туралы ақпаратпен, халықтың тыныс-тіршілігімен таныстыруға мүмкіндік туды.
         Түйін сөз: Қаланың аумағы кеңейген сайын, ондағы өндіріс пен өркениеттің ілгері дамуы байқалады. Жыл сайын шетелдік компаниялардың жаңа бір құрылыс нысанын салып, ірі жобаларды жүзеге асыратынын ескерсек, бізге келетін туристердің де аз емес екенін аңғаруға болады. Мұндай кезде олардың міндетті түрде көз салып, көріп кетуі тиіс туристік орнымыздың болғаны абзал. Өйткені, туризм тек табыс көзі ғана емес, ел тарихынан сыр шертіп, көпшілікке өз мәдениетімізді көрсететін басты жол.
Айдана САЙДУЛЛА
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
17 тамыз 2019 ж. 1 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам