Білім саласы: жаңа мақсат, жаңа міндет
Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл – білімнің заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы. Сондықтан да мұндай басқосулар әлдеқашан бала мен мектеп, ұстаз бен ата-ана қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғайтын ой-пікір алаңы.
Бейсенбі күні Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында білім беру қызметкерлерінің «Білім және Ғылым» тақырыбы бойынша дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Өткен оқу жылына талдау жасап, алдағы міндеттерді айқындайтын бұл жиында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов баяндама жасады.
Конференцияға Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, білім беру мекемелері мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар алдымен арнайы дайындалған көрме жұмысымен танысты. Мұнда аймақтың осы саладағы басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша үлгілі білім беру мекемелерінің жұмыс тәжірибесін насихаттап, ұстаздар мен оқушылардың жеткен жетістіктері паш етілді.
Тамыз кеңесінің ашылуында сөз алған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов аймақтағы білім жүйесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталды.
– Сыр елінде бұл сала бойынша ауқымды жетістіктер мен нәтижелі қадамдар аз емес. Өңірде жаппай білім беруді қолдау жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер орындалды. Дегенмен, одан бөлек шешімін табуы тиіс бірқатар маңызды мәселелер де бар.
Біріншіден, облыста 3-6 жастағы балалар бекітілген мерзімінен бұрын балабақшамен 100 пайыз қамтылды. Дегенмен, 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ кейбір мектепке дейінгі білім ұйымдарында оқу-тәрбиелеу процесі өз деңгейінде жүргізілмейді. Сондықтан осы мәселенің шешімін табуды қолға алу қажет.
Екіншіден, оқушылардың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Соңғы 6 жылда облыста 69 мектеп салынды, оқу ошақтарының 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіліп, компьютерлер 100 пайызға жаңартылды. Енді біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алыс орналасқан ауылдық елдімекендердегі мектеп оқушыларына қалалық мектептермен теңдей дәрежеде сапалы білім алуға жағдай жасалуы керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы бәсекеге қабілетті мамандарды оқыту, қазіргі қоғамда педагог мәртебесін арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды.
Нарық талабына сәйкес техникалық мамандық қызметкерлерін даярлау да бүгінгі күннің еншісінде. Осы орайда, техникалық және кәсіптік білім беру саласы заман талабына сай маман әзірлеуді жүзеге асыруы қажет. Жыл сайын 5 мыңнан аса түлек колледждерді бітіреді. Дегенмен, еңбек нарығына сәйкес олардың жұмыспен қамтылуы, өз кәсібін ашып, бизнес-жобаларды дамыту көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр.
Қуанышбек Ысқақов тамыз кеңесінде дәстүрлі құндылықтарға сәйкес ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты және күрделі міндет екенін айтып өтті.
– Оқу мен тәрбие егіз ұғым. Білім мен тәрбиені қатар ұстап, жас ұрпаққа бағдар ұсынуымыз керек. Дұрыс берілген тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселелері шешіледі. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жастарымызды бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздар қандай құрметкеде лайықты!, – деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Бану Нарбекова ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады. Сонымен қатар еліміздегі білім сапасын көтерудің маңыздылығына тоқталды. Осы сала негізінде 5 жылда атқарылуға тиісті міндеттерді саралады.
Бүгінгі мақсат үйдегі баланы өз дәуірінің үрдісінен қалмай, ата-анасының шынайы қолқанаты, туған елінің тарлан азаматы, әлемнің асыл азаматы қылып өсіру. Білімділік – ол қоғамның зиялы, мәдени, даналық деңгейінің көрінісі. Ал білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Адамзатқа ортақ игілік. Яғни, бұл салада қызмет ететін жандарға жауапкершілікті жүктейді.
Тамыз конференциясында сөз алған Парламент депутаты Мұрат Бақтиярұлы түйіні шешілмеген мәселелер төңірегінде өз пайымдарын жеткізді. Сондай-ақ ол орта мектептердің дамуына байланысты және де жеке кәсіпкерлер тарапынан оқу ошақтарын салу жөнінде айтып өтті. Бүгінгі ұрпақтың тағдыры – ұстаздарға байланысты екенін қадап айтты.
Мұнан соң облыстық білім басқармасының Майра Мелдебекованың хабарламасы тың¬дал¬ды. Бас ұстаз бүгінгі күні аймағымызда барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталғанын жеткізді.
– Облыс бойынша алдағы жаңа 2019-2020 оқу жылында 293 мектепте 164 500 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде, 1 сыныпқа 21 600 оқушы барады деп жоспарлануда. Қаладағы №4, 12, 187, 217, 278 мектептерге ІТ-лицей статусы берілді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен информатика және робототехника үйірмелерін жүргізуге қосымша қаржы бөлініп, компьютерлермен жаңадан жабдықталды. Қазіргі таңда облыс орталығында 600 орындық орта мектеп пен 1450 орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданындағы №27, 30 және Жалағаш ауданындағы №201 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, №288 мектепті ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді, – деді М. Мелдебекова.
Аймақтағы бас ұстаздың сөзіне сүйенсек, 2020 жылдан бастап «Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базаларын нығайтып, кадр даярлау сапасын арттыру жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге, кәсіптік білім беру саласында шешімін таппай келе жатқан санатты инженер-педагогтардың еңбек ақысына үстемақы төлеу мәселесі де келер жылы оң шешімін табады. Қазіргі уақытта колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету маңызды міндет екені айқын. Бұл орайда, облыста 5 колледжге 950 орынға жатақхана қажет екендігі сөз болды. Осыға сәйкес, 3 колледжге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін, колледждердің 330 студентті жатақханамен қамтамасыз етілетін болады.
Алқалы жиында цифрландыру мүмкіндіктері мен жас таланттарды тәрбиелеу туралы баяндамалар жасалды. Мәселен, «Promethean» компаниясының бас кеңесшісі Инна Стивенс цифрлық заманда интерактивті технологиялардың мүмкіндіктеріне тоқталса, «BTSDigital»оқу орталығының басшысы Саясат Нұрбек Жаңа мамандықтар Атласы жобасын таныстырып, ұстаздармен ой бөлісті. Ал мәнерлеп сырғанау бойынша Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев дарынды балаларды анықтауда ата-ана басты рөлді айқындайтынын нақтылай түсті.
Жиын соңында білім саласының дамуына үлес қосып жүрген аймақтың үздік педагогтары «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды. «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Ал № 277 орта мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинациясын жеңіп, 17 млн теңге сыйақы алды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай