«7-20-25» баспаналы болудың мүмкіндігі
Биыл әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге мемлекеттік бюджет есебінен 10,2 млрд теңге қаржы қаралған. Ол қаржыға өткен жылдан өтпелі 12 және дәл сондай мөлшерден жаңа нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Аймақта «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 1862 пәтерді құрайтын 43 тұрғын бой түзеп келеді. Аталмыш тұрғын үйдің 24-і сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Ал 17-і кредиттік және 2-і жеке компаниялар есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасымен «Баламекен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов қоры» жеке қоры және ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.
Жалпы, биыл барлық қаржыландыру көзінен 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыста тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік қолдауға мүдделі азаматтарды баспанамен қамту мақсатында облыс әкімдігімен 2017 жылы аймақтық «Орда» арнайы жол картасы қабылданғаны белгілі. Соның негізінде облыс әкімдігі мен құрылыс компаниялары арасында жасалған меморандумға сәйкес, олардың арасынан 246 пәтер сатып алынып, «Орда» жол картасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына берілді. Сондай-ақ, «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үйді кредиттеу бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күнге екінші деңгейлі банктер арқылы 83 несие беріліп отыр.
Бұл бағдарлама аймақ тұрғындарының баспаналы болуына зор мүмкіндік беруде. Сондықтан бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табады. Баспанаға мұқтаж жандар үшін биыл жемісті жыл болғалы тұр. Мәселен, аталған бағдарлама бойынша 240 пәтерлі 4 кредиттік тұрғын үйді үшінші тоқсаннан бастап өткізу жоспарлануда. Тағы бір қуанышты жайт, биыл құрылысы басталатын 590 пәтерлі 13 кредиттік тұрғын үй мұқтаж жандарға беріледі.