Баспана – басты бағдар
Еліміздің экономикалық қуаты артып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарған сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны өсіп, ауқымы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Соның дәлелі ретінде халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артқанын көріп отырмыз. Ауқымды жобалар нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық тұрғын жаңа пәтерге ие болды.
Дегенмен, елімізде аз қамтамасыз етілген топтарды және жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде орын алып отырған проблемалар жетерлік. Осыған орай,Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен көп балалы және толық емес, отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға мән беріліп келеді. Бұл бағытта Сыр өңірінде қажетті іс-шаралар қолға алынды. Біздің аймақ түрлі бизнес өкілдерін әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Көпшіліктің көңілінен шыққан жаңа жоба аясында облыс орталығында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй құрылысы басталды.
Расында, халықтың әлеуметтік әлсіз тобының тұрғын үй мәселесін шешу мақсатындағы бастама тұрғындардың қуанышын еселемек. Аз қамтылған көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен «Болат Өтемұратов қорының» қайырымдылық көмегімен шаңырақ шаттығын сезінетін күн жақын. Тұрғын үйлер «Бәйтерек» шағын ауданында салынып жатыр. Құрылыс қарқынды. Сәтін салса, қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде облыс орталығында көп балалы 1650отбасы үй кезегінде тұр. «Баламекен» жобасы аясында жергілікті бюджет есебінен 50, ал қор есебінен 100 отбасы баспаналы болмақ. Тұрғын үйлер нақты зәру жанұяларға беріледі. Бұл ретте арнайы комиссия құрылып, әр отбасының әлеуметтік картасы әзірленуде.
Тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда. Болат Өтемұратов қоры тарапынан тұрғын үйлерді салу бойынша «Баламекен» жобасының жүзеге асуына 450 миллион теңге бөлінді. Өз тарапынан әкімдік осы уақытқа дейін барлық инженерлік инфрақұрылымдар – электр, газ, су, телефон байланысы мен автожолдар құрылысын аяқтауға, сондай-ақ, әрбір үйге 6 сотық жер телімін бөлуге кепілдік береді.
Одан бөлек, аймақта жыл басынан халықтың мұқтаж тобына, әлеуметтің белгіленген санаттарына арналған «Орда» бағдарламасы арқылы жүздеген отбасыға үй берілген болатын. Біздің өңірде ғана жүзеге асатын «Орда» бағдарламасының негізгі мақсаты – әлеуметтің осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы орайда аймақ басшысының бастамасымен бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы әзірленген. Үстіміздегі жылы бағдарлама аясында қаланың сол жағалауынан 246 пәтер пайдалануға берілмек.
Аталмыш бағдарламаның талапбына сай келген, конкурстан өткен азаматтармен жергілікті әкімдік тарапынан пәтерді жалға беру келісім-шарт дайындалады. Банк мамандарының айтуынша, жақында «Бақытты отбасы» бағдарламасы қолға алынады. Бұл – Елбасының «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезіндегі тапсырмасы негізінде жасалуда.
Сыр өңірінде мұқтаж отбасыларды, көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Баянды бастамалар алдағы уақытта да ел әлеуетін көтеруге дәнекер бола бермек.
Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің бірі – тұрғын үй құрылысының көбеюі десек қателеспейміз. Жыл сайын Сыр өңірінің экономикасында өсім байқалып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА