Полиция лейтенанты Қамшыбек – Сыр елінің мақтанышы
Бүгін облыстық полиция департаментінде Екатеринбургте өткен бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Қамшыбек Бисенбайұлы Қонқабаевты департамент бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан марапаттады.
– Егеменді елімізде спортқа деген құрмет ерекше. Әріптесіміз полиция лейтенанты Қамшыбек Бисенбайұлы 98 мемлекеттің қатысуымен өткен бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, еліміздің мерейін үстем етті. Бұл жеңісті әріптестер болып үлкен қуанышпен қабылдадық. келер жылы өтетін 2020 жылы Токио қаласында өтетін жазғы олимпиада ойындарында Қамшыбектің еліміздің көк байрағын желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз, – деген тілегін білдірді Сұлтан Жеңісбайұлы.
Қазіргі таңда чемпион Қамшыбектің ішкі істер органдарында қызмет ететінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бала кезіндегі ішкі істер органдарында қызмет ету арманын жүзеге асыру үшін, Қамшыбек 2018 жылы Қызылорда қаласының полиция басқармасына өтініш жазып, барлық тиісті емтихандардан өтті. Бұйрықпен Жергілікті полиция қызметіне ювеналды полиция бөлімшесіне қабылданды.
Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Қамшыбек қазіргі таңда өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге бос уақытында жинаған тәжірибесімен бөлісуде. Сыр елінің мақтаныныша айналған Қамшыбек Қызылорда қаласының тумасы. Облыс орталығындағы №197 қазақ орта мектібін бітірген.
Қамшыбекті алғаш рет спорт мектебінің бокс секциясына әкеліп, оның әлем чемпионы атағын алуына бірден-бір себепкер болған оның үлкен ағасы Асқар Қоңқабаев болатын. Жастайынан соңынан ерген інісіне қамқор болып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен кәсіби деңгейде шұғылдануына ат салысты. Қамшыбектің ағасы да қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінде қызмет атқаруда.
15 жасынан бокспен шұғылданып келген Қамшыбектің алғашқы бапкері Сейтжан Төкенов болды. Алғашқы жаттықтырушы шәкіртіне үлкен спорттың биік белестерін бағындыруына ат салысып, оның шеберлігін шыңдап отырды.
Полиция лейтенанты Қамшыбек Қонқабаев ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР Спартакиада чемпионы, Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие. Сонымен қатар, Қамшыбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.
Қамшыбек жұбайы Нұржанова Айзада екеуі Омархан және Мұстафа – Әли есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Әлемдік бәсекелерде еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген Қамшыбектің жеткен жетістіктерімен әріптестері мақтанып, алдағы уақытта да оның топ жаруына әрдайым тілектес.