ХОК 8 ДҮРКІН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫН ПХЁНЧХАНҒА АРНАЙЫ ШАҚЫРМАҚШЫ
Халықаралық Олимпиадалық комитет биатлоннан сегіз дүркін Олимпиада чемпионы, норвегиялық Уле-Эйнар Бьорндаленды Пхёнчханға арнайы шақыру туралы ұсынысты қарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ХОК баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетейік, Уле-Эйнарды осыдан бір күн бұрын Олимпиадаға қатыспайтыны туралы хабарлаған болатынбыз. Оған басты себеп, әйгілі спортшының биылғы маусымдағы нәтижесі Олимпиада ойындарына қатысуға жеткіліксіз болған.
Ағымдағы маусымда Қысқы Олимпиада тарихындағы аңызға айналған 43 жастағы спортшы Әлем кубогы кезеңінде сегіз жекелей сында өнер көрсеткен. Алайда, ол Норвегия құрамасының қысқы ойындарға іріктеу критерийлерін орындай алмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтарда 44 жасқа толатын Бьорндаленнің қанжығасында 13 Олимпиада медалі бар. Оның сегізі - алтын, төртеуі күміс, біреуі қола медаль. Сондай-ақ, 20 рет әлем чемпионатында жеңіске жетіп, алты рет Әлем кубогының иегері атанған.
http://sport.inform.kz/