МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДЫҢ ҮКІЛІ ҮМІТТЕРІ
Қыс түссе көк жәшіктен тамсана тамашалайтын қысқы ойындарға көз тігеміз. Ғажап көрініс! Тегінде болмағанмен түбінде алаш баласы ақ мұзды бағындыратынына сенім кәміл. Рас, Сыр өңірінде қысқы спорт кенжелеп тұр. Себебі көпке белгілі. Қалың қар былай тұрсын, ақ ұлпа айналамызды жауып жатуы сирек кездесетін құбылыс. Із кесіп, шаңғы тебуге мүмкіндік жоқ. Алайда, бізде конькимен жүгіру, шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанауға мүмкіндік беретін «Мұз айдыны» кешені халыққа қызмет көрсетеді. 2013 жылдың қарашасынан бастап жұмыс жасайтын айдынды ғимарат Сыр спортының жаңа тарихын жазып жатыр. Ел ертеңі үшін атқарылып жатқан игілікті істер өз нәтижесін беруде. Оның ішінде мәнерлеп сырғанау қарқынды дамып келеді. Сырдың бойында әннің сазымен ақ мұзда айшықты өнер көрсететін жастар шоғыры қалыптасуда. Ақ айдын осылайша алаш баласына өз құшағын аша бастады. Сын болған жерде нәтиженің талап етілетіндігі анық жайт. Алты алашқа талай чемпиондарды сыйлаған Сыр-ана перзенттері әдеттегідей сол дәстүрден ажырамақ емес.
Жуырда Алматы қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирден біздің өрендер ел мерейін асырды. Аталмыш додаға еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Орал, Қызылорда қалаларымен қатар Біріккен Араб Әмірлігі, Қырғызстан, Украина, Франция, Ұлыбритания, Мексика, Филиппин, Египет секілді алыс- жақын мемлекеттерден келген саңлақтар өзара бақ сынасты. Жарысқа жалпы саны 350-ге жуық спортшы қатысты. Ең кішкентай қатысушының жасы – 5-те. Бұл дода бүлдіршіндер үшін үлкен шеберлік мектебі болғаны рас. ICE TIGER жобасының да алға қойған мақсаты сол емес пе?
Сол беделді бәсекеде Лариса Давыдова жаттықтыратын облыс құрамасындағы 17 спортшымыз оң нәтиже көрсетті. Украиналық маманның айтуынша шәкірттері көрсеткен нәтижелер қанағаттанарлық. Халықаралық турнирде Жансая Есен күмістен алқа тағынса, Әмина Сұлтан қоланы қоржынға салды. Жүлдеге бір ғана қол созым жерде болған Ариана Дигай төртінші орынды еншілеп, көрермен көзайымы атанды. Үміт артарларымыз тағынаған әр медаль біз үшін алтынмен пара-пар. Бұл жүлделер ертең Олимпиада медаліне айналмасына кім кепіл?! Ақ мұзда алғаш сайысқа түскен Мелисса Пак, Темирлан Яковлев, Нариман Молдабек, Фатима Арын, Малика Жармұхамед, Адия Тұрсын, Раяна Оразалы сөрені сәтті бастады.
– Қызылорда қаласында мәнерлеп сырғанау клубында 2 жылдан бері бапкерлік қызметін атқарамын. Үздіксіз алға адымдап келеміз. Шәкірттерімнің көрсеткен нәтижелері қуантады. Мен олардың көздерінен шабыт аламын. Барыммен бөлісуге тырысамын. Мұзда сырғанау көзге көрінгендей оңай дүние емес. Мен бапкерлікқ қызметке келгелі өрендер 6 ірі турнирде өнер көрсетті. Соңғы өткен халықаралық бәсекеде мәнерлеп сырғанау шеберлері спортшыларымыздың деңгейін жоғары бағалады. Олар бізді бәсекеге қабілетті деп таныды. Мұнымен тоқталмақ емеспіз. Жеңістеріміз әлі алда. Қызылорда облысында мәнерлеп сырғанау спортын дамытамыз, – деді Л.Давыдова.
Мұзда жай сырғанау бөлек, ал сайысқа түсудің жөні басқа. Үздіксіз еңбекпен қатар үлкен жауапкершілікті талап етеді. Аяғына коньки тағып көрмеген жеткіншектерді бар-жоғы екі жылдың ішінде мәнерлеп сырғанауға машықтандырып, кәсіби деңгейге жеткізген бапкердің еңбегі ерен. Қаракөздердің қарасы қалың екені де ішімізді жылытты. Мұз айдын жақтауынан жас өрендердің өнерін тамашалап тұрмын. Олардың билеуі, қимыл-әрекеті көз сүйсіндіреді.
Алаш баласы ақ айдынды неліктен жатсынады деген сұрақ көптің көкейінде жүргені рас. Жас жеткіншектердің жолына үмітпен қараймыз. Біздің өңірден келешекте әлемдік деңгейде ойын көрсететін бір перзент шығар. Әлі-ақ бөркімізді аспанға атып сүйінші сұрармыз. Ол күннің де ауылы алыс емес.