ОЛЬГА РЫПАКОВАҒА 2008 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІ ТАБЫСТАЛАДЫ
Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакованы наурыз айының басында өтетін жабық кешендегі әлем чемпионатына шақырды, - деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федеациясының баспасөз қызметі. Әлем чемпионатының салтанатты ашылу салтанатында қазақстандық спортшыға 2008 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесін тапсырмақ.
Айта кетейік, былтыр Валенсияда 2008 жылғы жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионатының допинг-сынамалары қайта қаралған болатын. Сол кезде үш қарғып секіруден күміс жүлдегер грек қызы Хрисопий Деветцидің допинг қолданғаны анықталды. Ольга Рыпакова бұл біріншілікте 14.58 метрге секіріп төртінші орын алған. Ол кезде Әлем чемпионатында бірінші орынды – кубалық Яргелис Савинье (15.05), екінші орынды – Деветци (15.00), үшінші орынды – Мария Шестак (Словения, 14.68) иеленген-ді. Нәтижесінде грек спортшысының допингпен ұсталуына байланысты Ольга Рыпакова бір сатыға көтеріліп, қола жүлдеге ие болып отыр. IAAF Қазақстан жеңіл атлетика федеациясына Ольга Рыпакованы әлем чемпионатына шақыру жөнінде ресми хат жолдаған. Әлем чемпионаты 1-4 наурыз аралығында Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өтеді. Барлық шығынды IAAF өз мойнына алып отыр. Бұған дейін Хрисопий Деветци 2008 жылғы Пекин Олимпиадасындағы қола жүлдесінен айырылған-ды. Ол медаль да қазақстандық Ольга Рыпаковаға берілетіні туралы шешім шыққан.