Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Музыка – адам жанының емі

Музыка – адам жанының емі

  Саф өнердің сарқылмас мұрасын ертеңгі жас ұрпаққа жеткізу мақсатында тынбай еңбек етіп келе жатқан облыстық филармонияның 48-ші маусымдық ашылуы өтті. Онда камералық оркестр ұжымы көпшілікке «Мәңгілік музыка» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Мерекелік кеште өнерпаздар қазақстандық композиторлардың шығармалармен қатар әлемнің классикалық үздік туындылары орындады. Оркестр дирижері – «Құрмет» ордені және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаев. Ал, көркемдік жетекшісі – мәдениет және өнер саласының «Жыл адамы» Анар Жаңбырбаева. Өнер сүйер жұртшылыққа Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Әлімжан Абсадықов және Гүлназ Нағашыбай секілді белгілі әншілер жеке орындауда көптеген туындыларды ұсынды.
Камералық оркестр 2014 жылы Сыр мәдениеті тарихында тұңғыш рет құрылды. Қазіргі уақытта ұжым репертуарында 200-ден астам шығарма бар. Оркестр құрамында 17 жоғары дәрежедегі білікті мамандар қызмет атқарады.
– Биыл біздің ұжымға бес жыл толды. Бұл уақыт аралығында қаншама белестерді бағындырып, алыс-жақын шетелде өнер көрсеттік. Сондай-ақ, репертуарымыз кеңейіп, құрамы толықты. Мәселен, Ақтау қаласынан мықты скрипкашылар келді. Сондай-ақ, біздің өңірде бұрын-соңды болмаған «Альт» аспабы қосылды. Қазіргі кезде сопрано, тенор, баритон дауыста ән шырқай алатын өнерпаздар бар. Олар түрлі байқауда лауреат атанды.
Алғашқы жылдары оркестр көрермендерге жеңіл шығармаларды ұсынды. Ал, бүгінде күрделі туындыларды орындайды. Атап айтсақ, Франц Шуберттің «Неоконченная симфония», Антонин Дворжактың «Славиянский танец» атты үлкен шығармалары бар. Оркестр ұжымы екі ай демалыстан кейін жұмысын қайта бастады. Бұл концертке дайындық өте жоғары деңгейде. Алдағы уақытта біраз істі қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді оркестр дирижері Кеулімжай Ботабаев.
Үстіміздегі жылы аталған ұжым Түріксой халықаралық ұйымының шақыртуымен Босния мен Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде өткен түркітілдес елдердің өнерпаздарының классикалық камералық оркестрлер фестивалінде өнер көрсетті. Онда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы, профессор, композитор Анвар Акбаров пен түркиялық дирижер Севаль Кадыоглуның дирижерлік көрсетуімен қазақ және әлемдік композиторлардың шығармаларын орындады. Сонымен қатар, бағдарламада ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт атаның мұрасы қылқобызда Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің әртісі Айнуза Бегімсалова Қуат Шілдебаевтың шығармасы «Каракемерді» біздің сүйемелдеумен көрерменге ұсынды. Ал, Түркияның Бурса қаласындағы Ататүрік мәдениет орталығында сол елдің көрермендеріне концерт берді. Сондай-ақ, Сараево қаласындағы Босния-Герцеговинаның ұлттық және университетің кітапханасында өнер көрсетті. Одан кейін Сербияның Нови-Сад, Венгрияның Будапешт қаласында концерттік бағдарлама ұйымдастырған. Бұл сапар камералық оркестрдің үлкен тәжірибе алаңына айналды.
– Біз соңғы жылдары классикалық өнерді дәріптеу мақсатында біршама жұмыстар атқарудамыз. Мәселен, мектептерді аралап, оқушыларға скрипканың қыр-сырын түсіндірдік. Соның нәтижесінде биыл аймақтағы музыкалық коллеждің скрипка мамандығына көп студент оқуға түсті. Ондағы мақсат – камералық оркестрдің құрамын кеңейту. Алдағы уақытта жиі концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Классикалық өнерді кеңінен дәріптеп, оның құдіретін тыңдарманға ұғындыру – басты мақсатымыз, – деді оркестрдің көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаева.
Кешке жиналған көрермендер қарасы қалың. Себебі, зал лық толы. Тіпті, концертті қаншама халық тұрып тамашалады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі классикалық музыкаға деген халықтың көзқарасы жақсарып келе жатқанын тілге тиек етті. Расында, аталған өнердің тыңдармандары күн санап артып келеді. Мәселен, ардагер ұстаз Анар Жансейтова өз туыстарымен бірге осы концертті көруге келді.
– Бүгінгі кеш жоғарғы деңгейде өтті. Камералық оркестр ұжымы күрделі туындыларды орындады. Сондай-ақ, оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсеткен әншілердің даусына тәнті болдық. Осындай тың туындыларды орындап, көрерменге керемет көңіл-күй, әдемі демалыс сыйлаған оркестр ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, – деді ол.
Ағылшын жазушысы Генри Торо күнделігінде «Мен музыка тыңдаған кезде қорқынышты сезбеймін. Тек қана өзімнің болашағымды және өткенімді көремін» деген екен. Расында, музыка – адам жанының емі. Оның ішінде классика жанры дертке дауа.

       Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

16 қыркүйек 2019 ж. 1 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам