КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН ТАБЫСҚА ЖЕТЕДІ
Аймақта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған жерлестер қатары артуда.
Облыс орталығындағы бизнестің дамуы жайлы халыққа ақпарат тарату мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметі өңір журналистеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қала іргесіндегі Қарауытөбе ауылдық округінде мал, құс шаруашылығы мен жылыжай бизнесін дөңгелетіп отырған «Нәтишаева» жеке кәсіпкерлік нысанының жұмысымен танысты. 2016 жылы құрылған мекемеде үш жүзге жуық адам тұрақты жұмыс істейді.
«Натишаева» дара кәсіпкері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер арқылы барлығы 1 млрд. теңге көлемінде несие алып жұмыс жасауда. Мұнда 300 бас ірі қара малын, 500 бас қойды бордақылайтын алаңдар, 200 мың бас ет бағытындағы құс өсіретін фабрика, мал және тауық соятын цехтары жұмыс жасайды. Құс фабрикасында 2600 бас қаз, үйрек, күркетауық, қазақы тауық, цесарка құсы өсірілуде. Фабрикада күніне 5 тонна тауық еті өндіріліп, «Таза» белгісімен сатылымға шығарылып жатыр.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту мақсатында солтүстік өңірден әкелінген ет бағытындағы асыл тұқымды «Абердин-Ангус» және «Әулиекөл» бұқаларын жергілікті малмен будандастыру жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 300 бас ірі қара мен 500 бас қой малдары бордақылануда.
Кәсіпкер жылыжай бизнесін де өрге домалатып отыр. Жалпы көлемі 1 гектар болатын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өткен жылы екі аусымда егілген көкөністен 200 тонна өнім жиналып, тұтынушылардың дастарханынан табылды.
Биыл Қарауылтөбе ауылында 120 жылыжай толық іске қосылды.