ЖЫЛЫЖАЙДА ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМДЕР КӨБЕЙДІ
Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдары нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Оған өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік.
Біз барған алғашқы нысан – «Натишаева» жеке кәсіпкерлігі. Олар бірнеше саланы қатар алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл кәсіпорында тұрақты және ауысымдық негізде 300-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы – 70 мың теңгені құрайды.
БАҚ өкілдері алдымен аталмыш кәсіпкерге қатысты жылыжай кешеніне бас сұқты. Онда жетекші маман Ғалым Төлегенов жұмыс барысы жөнінде әңгімеледі. Ат шаптырым аумақта қиярдың голландтық санганта тұқымы егіледі. Бүгінде 13 түрі отырғызылуға дайын тұр. Жоспар бойынша алдағы маусымда 40 тонна өнім жинау межеленіп отыр.
–Кешен 2014 жылы салынған. Жылыжайда 19 адам еңбек етеді. Барлығын да арнайы оқыттық. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Ақырындап осы саланы игере бастадық. Тұтынушылардан сұраныс өте жоғары. Қызылордалықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етсек дейміз. Осы мақсатта тынбай тер төгудеміз, – дейді жылыжай кешенінің жетекшісі Ғ.Төлегенов.
Сондай-ақ, кешен аумағында мал бордақылау алаңы іске кіріспек. Сойылған мүйізді ірі қара еті қаладағы базарларға жіберіледі.
Осыдан кейін «Орда» шаруа қожалығының 10 гектар жерге орналасқан жылыжайға назар аударылды. Айта кетейік, бұл кешен біраз уақыттан бері тоқтап тұрған. Қазіргі таңда аталмыш жылыжайды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ лизингке беріп отыр. Мамандардың сөзінше, 70 жылыжайдың 50-де қызанақ өсірілуде. Өнімділігі өте жақсы. Шамамен әр жылыжайдан 3-4 тонна өнім алуға болады. Мұнда 17 адам тұрақты түрде еңбек етеді.
Алдағы уақытта жергілікті базарларда Қызылорданың қызанағы мен қияры сатылымға шықпақ. Ол экологиялық тұрғыдан таза, әрі табиғи өнім.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.