ДАРЫНДЫЛАР МЕН ТАЛАНТТЫЛАР ОРДАСЫ
Мектеп – адам баласының өмірінде ерекше орын алатын қасиетті ұғым. Оны халқымыздың алтын ұяға теңеуінде үлкен мән жатыр. Өйткені, киелі шаңырақ әр баланы саналы өмірге дайындап, болашағына негіз салады. Ал, жас өреннің келешегінің жарқын болуы осы оқу орнының қабырғасында алған тәрбие мен білімге тікелей байланысты. Сондай-ақ, бұл қарашаңырақ – өміріңдегі ең тәтті де, қызықты балалық шағыңның куәгері. Осындай іргелі оқу орындарының бірі – №144 С.Әлжіков атындағы орта мектеп. Бір ғасырға жуық тарихы бар білім ошағы қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде орналасқан. Ол 1922 жылы «Ақ школ» деген атаумен ашылды. Алғашында бастауыш мектеп болып ашылса, кейіннен заман талабына сай құрылып он бір жылдыққа айналды. Содан бері бүгінге дейін қаншама ұрпаққа, саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, шыңдап шығарды.
Мектепті алғашқы уақытта – Н.Бектілеев, Ш.Көшекбаев, Ә.Қадырқожаевтар басқарды. Сонымен қатар, соғыста екі аяғынан бірдей айырылса да 40 жылдан астам уақыт оқушыларға дәріс берген «Қазақ Мересьеві» атанған Бәкібай Дүйсенбиевтің еңбегі зор. Ал, майдангер Ермахан Баймағанбетов, Жүсіпәлі Ұстабаевтар мектеп даңқын арттыруға сүбелі үлес қосып, ұстаздың шын бейнесін танытты. Кәрім Досжанов басшылық еткен жылдары оқу ордасын кабинеттік жүйеге көшірді. Сондай-ақ, оқушыларды еңбекке баулудағы мектеп директоры Дауылбай Наурызбаевтың ісін ерекше бағалауға болады. Айта кету керек, Марат Жүсіпәлиев – білім ошағын 12 жылдық оқытудың эксперимент алаңына айналдырды. Оқу сапасына қатты көңіл бөліп, тәрбиені басты орынға қойды. Сондықтан да бұл кісілердің есімі білім ордасының тарих беттерінде алтын әріппен жазулы.
Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, егемен ел атанып, өз алдымызға зайырлы мемлекет болғалы еліміз қарыштап дамып келеді. Бүгінде төрткүл дүниені мойындатқан мемлекетке айналдық. Жылдан жылға ел экономикасы нығайып, әл-әуқаты арта түсуде. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс-тіршілігі күннен-күнге жақсаруда. Әрине, мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының оң нәтижесі деуге болады. Соңғы жылдары елдің ертеңі үшін, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі – «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы.
Бағдарлама нәтижесінде аталған мектеп 2009 жылы 1200 орынға арналған жаңа оқу ғимаратқа көшті. Онда материалдық оқу базасы заман талабына сай жабдықталған. Атап айтсақ, компьютерлік кабинеттер, мультимедиалық жүйе, интерактивті қондырғылармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 440 орындық асханамен 3 спорт зал бар. Мұнда оқу-тәрбие саласындағы технология түрлерін қолдану, озат тәжірибені жариялау және басқа да игі бастамалар қолға алынған. Сондай-ақ, ғылыми-шығармашылық бағытта ізденімпаз, жаңашыл оқушы тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде мұғалімдердің 4 шығармашылық тобы құрылған. Олар деңгейлік курстардан өткен мұғалімдердің «Өрлеу», шығармашылық тобы, «Таным» модульдік оқыту технологиясымен жұмыс жасайтын топ, «Тағылым» озат тәжірибелі мұғалімдер тобы, «Таным» жас мамандар және «Серпін» мектепішілік кәсіби қоғамдастығы жұмыс істейді.
Қазір оқу ордасында 2111 оқушы тәлім алуда. Оларға 177 мұғалім сапалы білім береді. Мұндағы қызметкерлердің дені жастар. Десе де, саналы ғұмырын осы жолға арнаған жоғары санатты аға буын өкілдері де жетерлік. Бүгінде үлкен ұжымның табысқа жету жолында мектеп басшысы Ләззат Балатай тынымсыз еңбек етіп келеді.
– Білімнің қайнар көзі – мектеп. Қазіргі жаһандану заманында сапалы білім беру ерекше мәнге ие. Ал, мұғалім – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, бала арманын қанаттандыратын үлкен тұлға. Өз алдымызға егемендік алып, тәуелсіз ел болған осы жылдар ішінде қаншама белестерден өттік. Соның нәтижесінде оқу-ағарту саласы жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Өйткені, оқимын деген балаға барлық мүмкіндік қарастырылған. Атап айтсақ, жыл сайын дарынды оқушылар арасында ғылыми жобалар, түрлі республиқалық, облыстық пәндік олимпиадалар өткізілуде. Сондықтан білім бәйгесінде жеңіске жету нәтижелі жұмыстың жемісі деп білемін, – деді мектеп директоры.
Өз саласы бойынша жемісті еңбек етіп келе жатқан оқу ордасы білім көрсеткіші жағынан өзгелерден оқ бойы озық келеді. Қаншама нар тұлғаларға ақ жол тілеп, қияға қанат қақтырған мектепті руханияттың қарашаңырағы деп айтса болады. Себебі, мұнда тау тұлғалы түлектер білім алып, балалықтың бал шағын өткізді. Атап айтсақ, елімізге танымал жазушы – Сақтапберген Әлжіков. Ол «Ара» журналын ұзақ жыл басқарып, бірнеше кітап жазды. Осылайша жазушыға өзі оқыған мектептің атауы берілді.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде биік белестерді бағындырып жүрген түлектері жетерлік. Мәселен, Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институтында жемісті еңбек еткен – Садық Нұрмағанбетов. Жоғарғы соттың бірінші орынбасары, белгілі заңгер, сот жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан – Әлімжан Шәріпов. Сондай-ақ, педагогика ғылымының кандидаты – Бақытжан Сайлыбаев, Әкімжан Сайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Қаракөз Ақдәулетова, белгілі сатирик, ақын – Орынбасар Әлжіковтер осы мектептің түлектері. Сонымен қатар, мектептен шыққан атақты ғалымдар филология ғылымының докторы – Зәуреш Ерназарова, физика ғылымының кандидаты – Ұлтай Ешімова, экономика ғылымының кандидаты – Құралай Жырауовалар бар.
Адам өз еңбегінің аз да болса жемісін көрсе, қуанышқа бөленері анық. Себебі, әрбір жетістік – бақыттың қайнар көзі. Шәкірті биікке көтерілсе, ұстаз еңбегінің еш кетпегені. Көз майын тауысып, бар білгенін балаға үйретуден жалықпаған мұғалімдер қандай марапатқа да лайық. Осы тұста аталған білім ордасының тәлімгерлері біраз асуларды бағындырған. Мәселен, республика көлемінде танымал мұғалімдер қызмет етуде. Атап айтсақ, музыка пәнінің мұғалімі Сағатбек Қарапаев биыл республика бойынша «Үздік ұстаз» атанды. Ал, орыс тілінен тәлім беріп жүрген Шолпан Төреева «Үздік сындарлы сабақ-2017» байқауында ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Дархан Үбісұлтанов «Мәдениет майталманы» төс белгісімен, Самат Дүйсенбаев «Үздік бейнелеу пәні мұғалімі-2017» сайысында ІІ орынмен марапатталды. Орыс тілі пәні мұғалімі Салима Мамбетоваға республикалық «Құрмет» төс белгісі берілген. Жас та болса біраз белестерді бағындырып жүрген математика пәні мұғалімі Айдана Өтетілеу А.Жұмаділдаев атындағы байқаудың жеңімпазы, облыстық «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері. Сонымен қатар, өзге де мұғалімдер жыл сайын республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі сый-құрметке бөленіп жүр.
Білім ошағының білікті мамандары әдістемелік құрал шығарып, оны сабаққа енгізуді үрдіске айналдырған. Мәселен, Жұмагүл Сейдахметова «Физикалық теорияның практикалық қолданысы» тақырыбында кітап шығарды. Осы секілді тарих пәні мұғалімі Нұрила Ибраева да «Нәтижеге бағытталған білім беруде тарихты оқыту» әдістемесін енгізді.
Соңғы жылдары мектеп үздіксіз «Алтын белгі» иегерлерін тәрбиелеп келеді. 2014-2015 оқу жылы Мария Бисенбай «Алтын белгі», Данияр Берістен «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал, 2015 -2016 Азамат Есет «Алтын белгіні», Диана Мирамбек «Үздік аттестатты» ақтап шықты. Сонымен қатар, биология, қазақ тілі және тарих пәндерінен 3 оқушы 25 балл жинаған.
Қазіргі кезде мектептің дарынды да талантты оқушылары қандай жарыста болмасын топ жарып, жүлделі орындардан көріне білуде. Облыстық олимпиадада химия пәні бойынша Назерке Қанат, орыс тілінен Жания Жаухан І орын алса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бақ сынаған Гүлзия Бағдаулет ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, қалалық деңгейде өткен сайыста химия пәнінен қатысқан Ернұр Әділбекұлы жоғары нәтиже көрсетіп, топ жарды.
Сонымен қатар, «Дарын» РҒПО-ның ұйымдастыруымен өтетін зияткерлік сайыстарға оқушылардың қатысу көрсеткіші жоғары деңгейде. Соның нәтижесінде жүлделі орындарға ие болған 2 оқушы 125 балл жинап, грант иегерлері атанды. Сондай-ақ, биыл республикалық байқауда 9 сынып оқушысы Әсел Құрманаева ІІІ орыннан көрінді.
Айта кету керек, оқу ордасында 2011 жылдан бері «Жас Ұлан» балалардың бірыңғай республикалық ұйымы жұмыс істейді. Оған тек үздік оқитын, тәртібі жақсы, белсенді оқушылар ғана қабылданады.
Жоғары табыстарға қол созған оқу ордасының негізгі ұстанған бағыты – тәрбие мен білімді бала бойына бірдей сіңіре білу.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.