ҰСТАЗЫҢДЫ ҰЛЫҚ ТҰТ
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Мұғалім деген кіршіксіз атауға қылау жұқтырмау оңай емес. Кезінде сол бір аяулы жандарды алтын діңгекке теңеп, көзі ашық, көкірегі ояу жан деп құрметтеген. Ол үрдіс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінде білім беру саласында тәжірибелі, озық ойлы, өз мамандығының хас шебері болған кісілер жетерлік. Солардың бірі – қалаға қарасты №144 С.Әлжіков атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Сағатбек Қарапаев. Ол – ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған жан. Сондай-ақ, өз ісіне берілген білікті маман. Ал, отбасында ақылшы әке, ардақты ата.
1960 жылы көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз қазір өзі еңбек ететін мектепті бітірген. Ағамыз 1977-1981 жылдар аралығында Н.В.Гоголь атындағы пединститутында музыка мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын №144 орта мектепте мұғалімдіктен бастады. Көп ұзамай өзі бітірген пединститутқа әдіскер болып оралды. Жоғары оқу орнында жүргенде Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің тапсырмасы бойынша музыка бағдарламасын жасауға қатысты. Осындай еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Жас мұғалім-90» сайысында бас жүлдені алды. Оған Германияға жолдама берілді. Беріде №144 мектепке қайта оралып, әлі күнге дейін сонда еңбек етуде. 1993-1997 жылдары аталған оқу ошағында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1997-2000 жылдары директор қызметін атқарды. Тәжірибесі мол білікті ұстаз бүгінде білім беру саласының үздігі дәрежесіне жетті.
– Ес білгеннен өнерге бір табан жақын өстім. Бала күнімнен қолыма домбыра ұстап, ән айтушы едім. Үйге келген қонаққа күй тартып беретінмін. Мектепте гитара, сырнай тартуды үйрендім. Өнерлі жан қай жерде де сыйлы ғой. Оқушы кезімде әрдайым іс-шараларда белсенділік танытып жүрдім. Бала болсам да, өнердің құдіреттілігіне бойлаушы едім. Үлкен сахнаға шығуды мақсат еттім. Әрбір адам армандай білу керек. Сол ойлағаның түптің-түбінде әйтеуір бір орындалады. Менің бала күнгі арманым алдаған жоқ. Мектеп бітіріп, өзім қалаған мамандыққа оқуға түстім. Бүгінде өнер саланың дамуына үлес қосып жүрмін. Небір мықты шәкірттерімді дайындап, үлкен сахнаға бағыт бердім, – деді ол.
Біздің кейіпкеріміздің оқу-ағарту саласында 36 жыл тәжірибесі бар. Еңбегі еш кеткен жоқ. Биыл білім және ғылым министрлігі тарапынан берілетін «Жылдың үздік ұстазы» марапатының иесі атанды. Бұл жетістікке оңай жеткен жоқ. Өз саласы бойынша 6 кітап шығарды. Атап айтсақ, 2016 жылы «Музыка сабағында бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу» атты әдістемелік-нұсқаулық жарық көрді. Сондай-ақ, «Домбыра аспабын шығармашылық бағытта үйрету-1, 2, 3, 4», «Авторлық әндерді үйретуге негізделген әдістемелік көмекші құрал» жинақтары баспадан жарық көрді. Бүгінде мұғалімдер республика бойынша осы әдістемелер арқылы білім беруде.
Ағамыздың басты ұстанымы – келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, өнер мен дәстүрлі музыканы дәріптеу. Бүгінде ол осы мақсатта талмай еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде қаншама асулардан асып, биіктерді бағындыруда. Ол кісіге «Жоғары санатты мұғалім» біліктілігі беріліп, білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сондай-ақ, республикалық «Жарқын болашақ» КАТЕV қазақ тілі олимпиадасындағы «Әнші – бұлбұлдар» байқауында қазылар алқасы мүшесі болды. Ал, «Домбыра аспабын шығармашылық бағытта үйрету» тақырыбындағы бағдарламасын облыс көлемінде таратқаны үшін сертификат берілді. Жыл сайын облыстық, қалалық деңгейде құрмет төрінен көрініп келеді.
Мұғалімнің білім саласындағы еңбегі шәкірттердің жетістігімен өлшенеді. Бұл тұрғыдан келгенде кейіпкеріміз жемісті еңбек етіп келеді. Өйткені, үміт артқан оқушылары түрлі байқауларда топ жарып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Атап айтсақ, Гүлдана Сәруәрханова облыстық «Бозторғай» байқауында жүлделі ІІ орынды иеленген. Ал, Расул Серікболұлы VII халықаралық «Ақ көгершін» сайысында жоғарғы орыннан көрінді. Сондай-ақ, Ақбота Серікқызы «Ұлтын сүйген ұланбыз» атты республикалық өнер додасында топ жарды. Білім саласының ыстық – суығын бірдей көріп, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүрген осындай аға буын өкілдері қандай құрметке де лайық. Бүгінде кейіпкеріміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал жан. Отбасында екі ұл, екі қызды тәрбиелеген ақылшы әке. Олардың барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, әр салада қызмет істейді.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.