Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ҚАРА КЕМПІР

Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылынан өзге ұлт өкілдерін шам алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Ал Қызылорда қаласында екі корей ұлтының азаматының бірі өзінің өткен өмірін Бесарық ауылымен байланыстырады.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғында жаппай жер ауып келген бұл ағайындар біздің елді мекенді еңсесін тіктеп қалыптасқан киелі жер деп таниды. Көбі осы ауылда өсті, Ким Дик Ман сияқты азаматтары он жылға жуық колхоз басқарма төрағасы болды, ел басқарды. Бесарықты ерекше ықыласпен еске алатыны содан шығар. Жер-Анадан ырзық, несібе айырып, жер еміп, еңбек етудің үлгісін көрсете білген корейлерді біздің ауыл тұрғындары жа жадынан шығара қойған жоқ.
Ауылдан қалаға бет түзеген жеңіл автокөлікте үш адам келеміз. Көлік иесі – Павел,оның жұбайы және жолай ала кетуін өтінген мен – жолаушымын. Бесарықтың іргесінен ағатын көпірден өте бергенде жол жиегіндегі жиде көлеңкесінде отырған кейуана таяғын көтеріп «тоқта» дегендей белгі берді. Ол көрші ауылға бармақшы екен. Жол айырығына дейін ала кетуді өтінді.
– Әже, отырыңыз,– деді Павел. Корей жігітінің қазақша сөйлеуі таңсық емес. «Жигули» амандық сұрасып болам дегенше межелі жерге жетіп те қалды. Енді тоқтап, қартты түсіреді ғой деп ойлағам. Жеңіл көлік жалт етіп жолдан бұрыстау ауылға қарай бет бұрды. Әйелі өз тілінде жаратпаған кейіпте бірдеңе деп жатты. Мен оларды «Өз шешеңді алып келе жатқандай неғып айдарыңнан жел есе қалды. Онсызда асығып келе жатқанда» деген шығар деген ойда болдым.
Павелде үн жоқ. Тек ауылға кіреберісте ғана тілге келді.
– Әже, қай көшеге бұрылайын деді ол.
– Жоқ, болады, қарағым, жақын тиіп тұр, қалған жерге жаяу-ақ барам, – деді кейуана. Қарт күтпеген құрметке абдырады да қалды. Қамзолының қалтасынан орамалын алып, түйінін шешіп, умаждалған үш сомдықты алып, ұсынды.
– Бала-шағаңның рақатын көр, жағың түспей жамандық көрме, – деді сосын. Қарт ананың алғысы таусылар емес.
Павел ақшаны иесіне қайтарып беріп жатып:
– Әже, осы жүргеніміз сіздердің арқаларыңыз, рахметті сіздерге біз айтсақ жарасар, –деп бәйек қақты.
Қайтар жолда «Паша аға, әжейді танушы ма едіңіз?» деп сұрадым. Бұл сауалыма Павел жауабын қысқа қайырды. «Әңгіме танығанда ма екен, інім. Әңгіме басқада ғой» деді сосын. Басынан өткен оқиғаны тілге тиек етті.
Көкті құрсауына алған қара бұлттың көбесі сөгіліп кеткен секілді. Көктемнің қар аралас жаңбыры мен өкпек желі ойын баласын үйге жіпсіз байлағанына аптадан асып барады. Жатаған тамның қырық жамау терезесінен түскен жарық та жетімсіз. Бұл үйге от жағылып, каннан (еден асты пеш) жылу теппегелі қашан. Бұрышта ескі көрпені қымтанып, Паша мен інісі Ман жатыр. Бірде ауру, бірде сау аналары келетін уақытта болып қалды. Көз алды күлтеленіп іскен Ман тағы да жылай бастады. Сықырлай ашылған есіктен бой түршіктірер ызғар мен жарық қатар енді.
– Омани, тоғги! (нан апа!)
– Тоңдыңдар ма, қарындарың да ашқан болар?
– Нан, нан әкелдің бе?
– Қазір, қазір сендерге нан да, пан да (суға пісірілген күріш) пісіріп беремін.
Анасы турумагиін (сулық плащ) шешіп, қара барақ, жыңғыл аралас бір арқа отынын сүйреп ішке кіргізіп, ас қамына кірісіп кетті. Қиыр Шығыстан жер ауған корейлердің бір тобы осы «Огородник» колхозына қоныс тепті. Егін екті, күріш өсірді.Тіршілік үшін тырбанып бақты. Ел енді ғана еңсесін тіктей бастағанда соғыс атты қасіреттен ел есеңгірегенімен естен тана қойған жоқ. Халық келер күнге деген нық сеніммен соғысқа аттанып жатты.
Пашаның әкесі Ташкент жаққа жіберілді. Хат-хабарсыз. Бар үміті – әкесінен жаманат хабар келмегендігінде. Анасының тұзсыз пісірілген панын тоя жеген екі бауыр, каннан тепкен жылуға маужырап лезде-ақ ұйқыға кетті. Күн көтеріле оянған Пашаны анасы қасына шақырып;
– Бригадир Ир Сен ағайыңа айт, «шешеміз ауырып қалды» деп, орныма адам тауып жұмсар, – деді.
Колхоз басқармасына барар жол қырманның жанынан өтетін. Тақтай дуалмен қоршалған қырман да көктемгі егіске қаурыт дайындық үстінде. Суырылып тазартылған тұқымдық күріш тау боп үйіліпті. «Бір қалта күріш алар ма еді» деген сұйық ой сумаң ете қалды.
Күн бата бірі биік, бірі аласа тақтай дуалдың үстінен жүргізілген сымға ағаш тіреп, ішке секіріп түсті. Енді үйден ала шыққан әкесінің ескі көйлегінен жасалған жең қалтаға күріш толтыру ғана қалды. Қырман жанынан өтетін радио әлде электр сымы тартылған бағандар желмен ызыңдап ызғарлы күй шертеді. Бала бойын билеген қорқыныш қолын икемге келтірер емес. Еңбектеп барып жең қалтаға күріш сала бастады. Жеңіл қалта желмен ойнап дән салдырар емес. Есіл-дерті қалтамен болып жатып, дәл өкпе тұсына келіп қалған қарауылды байқамапты. Қорғану ғана ойына келіп, басын бүркеп жата қалды. Бір сағат, әлде минут болар, қанша жатқаны белгісіз.
Күткен мылтық даусы емес, «Тұра ғой, балам» деген қазақша сөз болды. Алғашқы екі сөзін түсінбесе де, «балам» деген сөз бойына жан бітіргендей басын көтерді. Бас жағында қарапайым қазақтың қара кемпірін, бетінің әжімін бойлай аққан жасты көрді. Бойын балқытар жылы сөздің құдыреті ме, кейуананың бетін жуған жастан ба, бұның қам көңілі босап, көзінен жас болып ақты. Күріш толтырған жең қалтаны ұстатып жатып «Бара ғой, балам» деді де мылтығын асынып, бұрылып жүре берді. Сәлден соң қара қою қараңғылыққа еніп жоқ болды.
Менің көз алдыма таяққа сүйенген кейуананың мейірімге толы әжімді жүзі елес берді. Басын қатерге тігіп, аузынан жырып, үстіндегі киімін қиналғанға шешіп беруге бейім сол Аналар бейнесі жылдар өткен сайын зорайып бара жатқандай.


Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Сырдария ауданы.
03 қыркүйек 2019 ж. 1 708 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 13 922 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам