АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БАРЫСЫ САРАЛАНДЫ
Есеп беру жиынына облыстан бекітілген өкіл ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Бесарық ауылдық округінде өткен есеп беру кездесуінде Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Есепте кезеңде жүзеге асырылған жұмыстар туралы кеңінен айтып өткен аудан басшысы реформалардың іске асырылу барысына кеңінен тоқталды. Сонымен бірге, 2017 жылы аудан экономикасына 44,2 млрд.теңге инвестиция тартылғанын айтып, былтырғы жыл аудан үшін табысты болғанын атап өтті. Есеп беру жиыны барысында Бесарық ауылдық округінің әкімі Н.Жусупова, Бесарық ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Бекмағанбетов есепті мерзімде атқарған жұмыстарының есебін берді. Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін облыс бойынша үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық берілуіне байланысты аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева мен Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Әбдіхалықов қосымша хабарлама жасады. Есеп беру жиынында ауылдық ардагерлер қоғамдық кеңес төрағасы А.Ақжігітов сөз сөйлеп, атқарушы билік өкілдерінің есебіне жоғары баға берді.