Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЕМҚОРЛЫҚ ІНДЕТ – ЖОЮ МІНДЕТ

ЖЕМҚОРЛЫҚ ІНДЕТ – ЖОЮ МІНДЕТ

    Сағила мен Таубай отбасылық өмірдің бел ортасына келіп, ұлын ұяға қондырып, немеренің қызығын көріп отырған қарапайым ғана жандар еді. Тәңірден тілеп алған жалғыз ұлы кенеттен істі болып, әп-сәтте бұл шаңырақтың басына қара бұлт үйірілді де кетті. Бауыр еті – баласы адам қағып кеткен күннен бастап олар үшін бейне бір дүние төңкеріліп кеткендей күй кешті. Қайтпек керек? Жалғыз ұлды темір тордан арашалап қалудың қандай жолы бар? Бостандық үшін сұралған 100 мың доллар! Ал, бір тәулікте осыншама қаржыны тауып берер ата-ананың қауқары бар ма? Ақыр соңында артында қалар тұяғының амандығы үшін жемқорлыққа жол берген ата-ананың мүшкіл халі. Ар азабынан өзін жегідей жеп, тентіреп кеткен әке образы. Пара беріп, азып-тозған отбасының шарасыз күйі... Біз Медеу Сәрсекенің «Тендерге түс¬кен келіншек» атты драма желісін әңгіме өзегіне арқау етіп отырмыз. Жақында ғана облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отыра, Н. Бекежанов атындағы драма театры әртістері аталмыш спектакльді көрермен назарына ұсынған еді. Пара беру – бәледен құтылудың жалғыз жолы емес екендігін ұғындырған қойылым көпшілік көкейіне үлкен ой салғандай. Тиын беріп, тұтылған жанның осындай аянышты жағдайы өзгелер үшін ғибратты сабақ болғандай. Оның күллі өміріне татырлық кесапатын көріп, көңілге түйіп қайтқандай тарқасты бәрі. Расында, жемқорлық ешқашан адамзат баласына абырой әпермеген. Пара беріп, пана сұрау – қашанда тығырықтан шығар соңғы шешім болған емес. Ал, харам ақшаның оңай олжа болмасы да анық. «Аққа Құдай жақ» демекші, ары таза жанға қанша қара күйе жағылса да, ол бәрібір алтындай жарқыраған таза күйін сақтап қалары хақ. Бірақ, пендешілікке салынып, адамдықтың ақ туын жығып, заңсыздыққа жол беріп жатқандар қаншама мына өмірде? Негізі бар ғой, біз қашанда жеңіл жол іздеуге әуеспіз. Алдымен оған өзіміз ықпал етеміз. Ақырында сан соғып, бармақ тістейміз. Сосын кінәліні іздейміз. Мәселен, қандай да бір нәрсені қолға алсақ, оның тез біткенін қалап жан ұшырамыз. Сөйтеміз де, сауданы бірінші өзіміз бастаймыз. Маңызды құжат сиырқұйымшақтанып созылып кетсе, қолтығына ақша қыстырғанды жөн санап тұрамыз. Тіпті, күнделікті өмірде заңды белшесінен басып жатсақ та, саудаласып, өзгелерді де тағы заң бұзуға жетелейміз. Ал, осы әрекетіміз арқылы тұтас қоғамға кесапатымыз тиіп жатқанын естен шығарып жатамыз. Біздегі бір кемшілік – біреуге қолқа салсақ, «Еңбегіңді жемеймін», «Азды-көпті орамалым бар», «Құр қол емеспін» деп арадағы алыс-берісті жеткізе бастаймыз. Иә, халқымыздан «Құр қолға бата жүрмейді» деген сөз қалған. Қызметі сіңген жанға алғыс ретінде сый-сияпат ұсынғанның айыбы да жоқ шығар. Десек те, шектен шығып, заңсыздыққа жол берудің өз қайтарымы болатынын есте ұстаған ләзім. Жалпы, сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың басты кері қозғаушы күші екенін ескерсек, жетістіктерді жоққа шыға¬рып, ұлттық мүддеге соққы беретін де осы келеңсіз дүние екені сөзсіз. Қазіргі таңда кез келген өркениетті ел үшін өте өзекті, түйткілді мәселеге айналған жемқорлықпен күрес шаралары біздің мемлекетте де үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінде үлкен әлеуметтік індет болып табылатын ол тіпті саяси даму тұрғы-сынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі бар¬лық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отырғаны анық.Сонау замандары өмір сүрген бірінші ұстаз, ғұлама ғалым – Аристотель қоғамды дендеп бара жатқан аталмыш дерт жайлы: «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ» депті. Сөзге ділмар, көз жетпейтін жерге ойы жеткен ғалым жемқорлық жайлы сол заманда нысанаға дөп басып осылайша айтып кеткен.Расында, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билік өкілеттілігін асыра қолдану, пара алу немесе беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау сынды қылмыстардың барлығы мемлекетті құрдымға жіберетін заңсыз әрекеттер. Ендеше, елдің әлеуметтік хал-ахуалын арттырып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген ілкімді істер қолға алынған шақта алға басқан қадамды кейін тартып, шалғайдан басып, қолбайлау болатын болымсыз дүниелерге жол берудың әсте жөні жоқ. Сондықтан дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, оған жұдырықтай жұмыла тізе қосып бірге атсалысу – әрбір тәуелсіз ел ұрпағының азаматтық борышы. Бір қуантарлығы, біздегі бұл бағыттағы қарымды бастамалар өз нәтижесін беріп келеді. Жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табуда. Мәселен, биыл мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында 40-тан астам мемлекеттік мекемеге жасырын сатып алу жобасы жүргізілген. Нәтижесінде 120-ға жуық заң бұзушылық анықталып, қазір аталмыш жағдаяттардың барлығы қалпына келтірілу үстінде. Осындай қадау-қадау бастамалар мен жіті бақылаулар жиі жүргізіліп тұрса, бұл келеңсіздіктің де жойылары хақ. Ол үшін әрбір адам өз құлқынының құлы болудан арылуы шарт. Біз қоғамның санасына алдымен осы нәрсені сіңіре білсек, ұпаймыздың түгел болары анық.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
27 қараша 2017 ж. 1 960 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам