ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРДЫ
Елбасы Жолдауларында жаңа экономикалық саясаттың өзегі ретінде инфрақұрылымды дамыту мәселесі айрықша атап көрсетіледі. Оның ішінде жол қатынасының маңыздылығы саланы дамытудың тиімді құралы екендігін дәлелдейді. Ағымдағы жылы қала бойынша жол жөндеу жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде қала көшелерін жөндеуге, күтіп ұстауға, кем-кетігін уақытында жөндеп отыруға баса мән беріліп отыр. Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетовті осы мақсатта әңгімеге тартқан едік.
– Биыл қала ішіндегі жолдардың жөнделуі жұртшылық көңілінен шығып отыр. Осы орайда кеңірек әңгіме өрбітсеңіз...
– Қайсыбір мәселе болмасын, қаражатқа келіп тіреледі. Қарапайым мысал, жеке тұрғын үйіңізге күрделі жөндеу жүргізер болсаңыз да басы артық қаржыңыздың немесе табысыңыздың молаюын күтесіз. Мемлекет те сол тәрізді, үлкен бір отбасы. Жол жөнделуі, жаңа ғимараттардың салынуы, мұның барлығы бюджет мәселесіне байналысты. Ең негізгі нысаналарымызды белгілеп, қайсысын қай уақытта бастайтынымызды,саралап аламыз. Биыл салада бұл бағыттағы игі істер қарқын алды. Облыстық, қалалық бюджет арқылы біршама көшелер жөндеу көрді. Оны жергілікті тұрғындар жақсы біледі.
– Сөзіңіздің жаны бар. Бір ғана «Сәулет» мөлтек ауданы сөзіңізге дәлел боларлық. Тұрғындар көптеген қиындықтан құтылды. Балшық басқан көшелер қатары кеміді. Бұл бағытта әлі қандай жұмыстар атқарылады?
– Дұрыс айтасыз. «Сәулет» мөлтек ауданының халқын зор қуанышқа кенелді. Жоғарыда айтып өткендей, барлық жұмыстар қаржыға келіп тіреледі ғой. Қазіргі таңда қала аумағындағы барлық жол жөндеу жұмыстарын қажет ететін көшелердің тізімі жасақталып мониторинг жасалуда. «Сәулет» бойынша бүгінгі күнге 14 көшеге асфальт төселінді, 18 көшеге тас жол салу жұмыстары жүргізіледі. Күн сайын жұмыстардың жөнді атқарылуын бақылап нысан басында боламыз, елмен тілдесеміз. Жұртшылық та көрген сайын алғысын жаудырып, батасын айтып жатады.
– Жол салынып жатыр. Сапаға қалай мән бересіздер?
– Өте орынды сұрақ. Осыдан біраз уақыт бұрын аймақ басшысы бұл саланы қатаң қадағалауды міндеттеді. Тіпті нысанды межелі уақытта өткізбейтін, жұмыста сапасыз орындайтын кейбір жауапсыз мердігерлер тізімін жасатты. Яғни, бұл көптеген мекемелерге сабақ болды. Салынар жолдың сапасы алдыңғы орында тұрады. Мердігерлер жұмысы қатаң қадағаланады. Ол біріншіден авторлық қадағалаудан өтеді, арнайы техникалық қадағалаушылар да бақылайды, біздің бөлім жүйелі түрде жұмысты қадағалайды. Демек, тексеріс жеткілікті, жұмыста да кемшілік болмас. Болған жағдайда шара көріледі, заң шеңберінде жұмыстар жасалады.
– Қарауылтөбе ауылының кіреберіс жолы жөнделіп жатқанын білеміз. Ендігі кезекте тағы да қандай елді мекендерге осындай жұмыстар жасалады?
– Қарауылтөбе ауылдық округіне кіреберіс жолды жөндеуге «Қыран» ЖШС мердігер мекеме болып анықталып, осы күні жұмыстарды бастап кеткен. Ал Қосшыңыраудағы қос ауыл – Досан мен Абай елді мекендерінің арасындағы жол мәселесі назарымызда бар. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Биыл жоспарға енгізілді, жоба-сметалық құжаттары әзір. Бұл бұған дейін де көтерілген мәселе болатын. Біз құжатын дайындап ұсындық, қала басшысы дер кезінде шешім қабылдады.
– Жол белгілері кейде тозығы жетіп, бірде теріс айналып тұрады. Одан қалды жолақ сызу жұмыстары бар. Бұл ретте қандай жұмыстар атқарудасыз?
– Бұл алдымен жүргіншілердің қауіпсіздігі деуге толықтай негіз бар. Өйткені, әрбір жол жүргізушісі жол белгілеріне қарап көлік басқарады. Ал оның жақсы көрініп тұруы, өшіріліп қалмауы аса зор маңызға ие. Бұл – жол қауіпсіздігін тұрақты түрде қамтамасыз ету. Аталған мақсатта қала көшелеріндегі жол қозғалысын реттейтін қондырғыларға бөлім тарапынан зерделеу шаралары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді мердігер мекеме арқылы дер кезінде қайта қалпына келтіру жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, қалалық ішкі істер басқармасы арқылы берілген ұсыныс нұсқамаларға сәйкес тиісті шаралар жүргізіледі.
– «Арай» мөлтек ауданына бұрылар қиылыстың кептелісі талайдан бері көтеріліп жүрген мәселе еді... Ол талай көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан шығар. Қазір бергі жағында орын тепкен мектептің тұсындағы бағдаршамды көшіріпсіздер. Осы туралы айта өтсеңіз...
– Бұл – көптен бергі шешімін таппай жүрген мәселенің бірі. Өзіңізге белгілі, қала жылдан жылға кеңейіп, көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Олардың қатарында «Арай» мөлтек ауданыңда жаңадан салынған үйлер де бар. Мөлтек ауданда адам санымен қатар, көлік саны да артты. Жібек жолы көшесіне түсу халық үшін қиынға соқты. «Арай» тұрғындарынан түсті. Қала әкімінің қолдауымен №101 мектептің алдындағы бағдаршам бері орнатылды. Қазіргі таңда онда кептеліс жоқ. Көліктер емін-еркін, кептеліссіз жүруде.
– Естуімізше, Сұлтан Бейбарыс пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшелері қиылысына бағдаршам қою ойластырылуда. Бұл бағдаршам қашан орнатылады?
–Аталмыш бағдаршамды орнату үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, қазіргі таңда мердігер мекеме "Ақнұр Авто" ЖШС тарапынан орнату жұмыстары жүргізілуде. Әлбетте, бұл – өз уақытында қолға алынып, жүргізіліп отырған жұмыс. Өйткені, біз осы дария жағасындағы даңғылды орталық бөлікте кептелістерді болдырмас үшін, төте жол есебінде салғанбыз. Осы кездің өзінде жұмыс нәтижесін беріп жүр. Дегенмен, халық қауіпсіздігі басты назарда ұсталады деп ойлаймын.
– Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау мәселесі жүйеленіп келеді. Алдағы уақытта бұл бағытта қандай жұмыстар жасалады? Жаңа автобустар қашан әкелінеді?
– Қазіргі таңда қала аумағы бойынша 25 қалаішілік және 6 қала маңы бағыты тұрақты қатынауда. Оның ішінде "Қызылорда автобус паркі" ЖШС-і теңгеріміне тиесілі 112 дана автобуспен қоса жеке кәсіпкерлер де қызмет атқаруда. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС150 дана автобус алуға берілген ұсынысына сәйкес қазіргі таңда, 2017 жылдың аяғы мен 2018 жылдың 1 тоқсанында 150 автобус алу жоспарланып отыр. Бұл меже алдағы уақытта орындалады.
– Билеттік жүйеде алматылық «Оңай» жобасы зерттеліп жатқанын естіген едік.
– Қала аумағы бойынша қызмет атқарып жүрген қоғамдық көліктердің барлығы қолма-қол билеттік жүйеге енгізілген. Жаңа автобустарға арналған айлық жол ақы билеті қоғамдық көлік қолданушыларға тиімді болып отыр. Осы айлық жол ақы билетті басқа да жеке қоғамдық көліктерге енгізу бойынша серіктестік жеке кәсіпкерлермен келісім жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, Алматы қаласында қолданып отырған «Оңай» жүйесі, болмаса басқа да электронды тиімді есеп айырысу бойынша ұсыныстарды жүзеге асыру осы саланың мамандары мен тасымалдаушы серіктестіктің басты мақсаты болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан:
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.