ЖАЗБА АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Сыр саңлағы, сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығармашылығына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Мүшәйраның мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру , тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру. Сыр саңлағы, қырғи тілді ақын А.Тоқмағамбетов шығармаларын жан-жақты насихаттау, талантты жазба ақындардың шығармаларын көпшілікке таныту және оларға қолдау көрсету болып табылады.
«Арман сол – қалсам елдің Асқары боп...» атты ақынға арнау өлең кезеңі мен «Сөзі – жебе, сардар ақын» атты екінші кезеңі ақынның сатиралық өлеңдерінен тұратын бұл байқауға облыс аудандарынан 15-30 жас аралығындағы 11 ақын-талапкерлер қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Мүшәйра барысында қазылық жасаған - Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы және Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық Шабыт фестивалінің жүлдегері, ақын Назгүл Бердіқожақызы үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде шығарманың тақырыпты ашуына, буын, бунақ, ұйқас заңдылықтарының сақталуына, сахна мәдениетіне т.б. мән берді.
Мүшәйра нәтижесінде Бас жүлдені Сырдария ауданының ақыны Ибрагимұлы Ақтөре, І орынды Шиелі ауданынан Ержігіт Бекжан, ІІ орынды Арал ауданынан қатысқан талапкер Қыстаубаев Алтынбек, ІІІ орынды Сырдария ауданының ақыны Бақытбек Сұлтанбейбарыс иемденді, сонымен қатар, «Өткір тілді» номинациясымен Жаңақорған ауданының ақыны Оспанов Мадияр, «Ұшқыр қиял» номинациясымен Шиелі ауданынан қатысқан талапкер Жусанбаева Гүлмира және де алғыс хаттармен марапатталды.
Жыр мүшәйрасы басталмас бұрын қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ақынның ұрпақтары және мүшәйраға қатысушы талапкерлер А.Тоқмағамбетов рухына тағзым етіп, ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды.