КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНДАР ЕЛІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Қызылорда облысы ішкі істер департаменті және басқа да құзырлы органдардың бірлесіп ұйымдастыруымен үстіміздегі жылғы 2-4 қазан аралығында облыс аумағында «Заңсыз келуші-2017» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Шара барысында облыс көлемінде шетел азаматтарымен жасалған 715 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Көші-қон заңнамаларын бұзған 14 шетел азаматы республика аумағынан аластатылды.
Өзбекстан Республикасының 7 азаматына қатысты ҚК-тің 393-бабы (сот шешімдерін орындамау), сонымен қатар Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін 1 Өзбекстан Республикасының азаматына ҚК-тің 392-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Сонымен бірге шетел азаматтарының тіркелуін қамтамасыз етпеген үшін 46 жергілікті азаматына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Рұқсаты жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбегін пайдаланғаны үшін 23 азамат ҚР ӘҚБтК-тің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 36 шетелдіктің Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімдері қысқартылса, жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 22 азамат қабылдау-тарату орнына жеткізілді.