ОҚУШЫЛАР ӨНЕРЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халыққа қызмет көрсету орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған музыкалық флеш мобын ұйымдастырды.
Шара барысында мектептің халық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» және Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» мен «Әлқиса» секілді күйлері шырқалды. Сонымен қатар, мектептің өнерлі оқушылары Елбасымыздың сүйіп тыңдайтын әндерінен және Ұлт Көшбасшысына арналған әндерден шеру жасап, халыққа қызмет көрсету орталығына келген облыс тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған флешмоб еліміздің барлық өңірлерде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісіне кіретін мектептердің қатысуымен бір уақытта өткізілді.
Шараның мақсаты қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.