КЕМЕҢГЕР КЕЛБЕТІ
Облыс орталығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Айтулы мереке осылайша аймақта кең көлемде аталып өтті.
Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Ел тірегі – Елбасы» тақырыбындағы кітап көрмесі өтті. Онда Ұлт Көшбасшысы туралы тәлімді дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұландар «Оңтүстік» 5547 бөлімшесінің сарбаздары, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері мен спорт шеберлері, сондай-ақ, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Елбасының өмірі мен салиқалы саясатын, іскерлік қабілетін кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген көрме 7 бөлімді құрады. Ондағы «Ұшқан ұя ұлағаты», «Теміртау – алтын бесік», «Тәуелсіздік табалдырығында», «Конституция – елдігіміздің еңсесі», «Нұрлы жол», «Астана – елдік ерлігі», «Астана – Тәуелсіздік жемісі» бөлімдері оқырмандарды тың деректермен қанықтырды. Мәселен, көрмеде Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, мектептегі жылдары, Днепродзержинскіде оқыған кезі, Теміртаудағы алғашқы еңбек жолы, Қазақстан Магниткасындағы партия ұйымы басшылығындағы қызметі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшылығындағы, кейінгі жылдардағы Үкімет басшысы болғандағы еңбектерімен өзге де байыпты бастамалары жөнінде толық мәлімет бар. Сондай-ақ, Елбасының елмен етене өмірі, мемлекетіміздің егемендікке жету жолы, экономикасы тұрақты, қуатты елге айналдыру, Астанадай ғажайып қаланың бой көтеруі тұрғысында айтулы оқиғаларды баяндайтын кітаптар көрме төрінен орын алды.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ,
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.