ҚАЗАЛЫДА «ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІ КҮНІ» ӨТТІ
Қазалыда аудан орталығы Әйтеке би кенті күнінің мерекесі болып өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған мереке аудан жастарының қатысуымен орталық алаңдағы флешмобтан басталды.
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов жастармен кездесуінде мемлекет тарапынан әрдайым қолдаудың барын, әсіресе, елдің болашағы жастарды жан-жақты демеуде Елбасының өзі үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Мұнан кейінгі шаралар Қ.Пірімов көшесінде өткен жылы ашылған «Тәуелсіздік» аллеясында жалғасты. Аудан басшысы бастаған азаматтар ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралады. Жәрмеңкеде ауылдық округтерден жеткізілген бау-бақша өнімдері халыққа төмендетілген бағада ұсынылды.
Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да ұйымдастырылды. Қонақтар «Атамұра», «Әжелер», «Қорқыт сазы» ансамбльдерінің өнерін тамашалады. Білім ордалары дайындаған гүлдер жәрмеңкесі мен жергілікті өнімдер көрмесі, сондай-ақ, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кітап көрмесі де көпшілік көңілінен шықты. Жиналған жұртшылық қазақтың ұлттық тағамдары шұбат-қымыз бен бауырсақтан, өзге ұлт өкілдерінің дастарханынан дәм татты.
Жиналған қауым арнайы тігілген киіз үйлерде қонақ асынан дәм татты. Шара мерекелік гала-концертпен жалғасып, от шашумен аяқталды.