ШАТТЫҚ МЕКЕНІ

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Олай болса, адам өмірінің мәні мен сәні – өз ұрпағы, балалары. Шыр етіп сәби дүниеге келгеннен бастап, ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен міндет тұрады. Осындай ұғымды санасына сіңіріп өскен ол бала тәрбиесіне әсте бейжай қараған емес.
1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Жұлдызай бүгінде Ноғаевтар әулетінің үлгілі келіні. Өмірлік серігі – Жантемір екеуі ата-анасының ақ батасымен өз алдына шаңырақ тігіп, қазір үлкен отбасыға айналды.
Көп балалы шаңырақ көпшілдікке тәрбиелейді. Ал, мұндай шаңырақта өскен сәби ержеткенде жаман болмасы анық. Жұлдызай сегіз балаға жарық дүние нұрын сыйлап, ұл-қызын қазақы тәрбиемен өсіріп, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білуде. Тұңғышы – Аружан он бірінші сыныпқа қадам басты. Одан кейін Қарақат, Тоғжан, Ұлболсын, Айгерім, Эделина есімді әп-әдемі қыздары бар. Алты қыздан кейін Мансұр және екі жастағы Нұғман ұлы өсіп келеді.
− Әр бала бұл өмірге өз ризық-несібесімен келетіні рас. Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр перзентті дүниеге әкелген соң ең бірінші олардың денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызына дұрыс қараса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз – осы. Осындай күнге жету әрбір келіннің бағына бұйырсын деген тілегім бар. 2015 жылы «Алтын алқа» алдым. Отағасы Жантемір де көп балалы шаңырақта дүниеге келген. Он баланың кенжесі. Сондықтан көпшіл болғанды жаны сүйеді. Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолында» жолсерік қызметінде. Әдетте, көпшілік перзенттерімді көргенде таңғалыстарын білдіріп жатады. Бала − өмірдің жалғасы, ата-ананың жемісі, алтын тіреуі, қазығы. Бұйырса, үлкен әулет боламыз. Ұл-қыздарым жақсы болып өсіп, оқып білім алса, мемлекетіміздің болашағына зор үлестерін қосса нағыз бақыт сол емес пе, – дейді Жұлдызай.
Адамның бақыты – бала. Бұл халқымыздың сан ғасырлық даналық тұжырымы. Біреу бақытын байлықтан, енді бірі даңқ пен атақтан, мансаптан іздейді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі секілді уақытша игіліктер.Халық санынның артуына біздің өңір сүбелі үлес қосып жүр. «Алла күш қуат берсе, әлі де ұрпақ санын көбейтемін» дейді батыр ана. Көп балалы ананың ендігі арманы – балаларына жақсы тәрбие беріп, оларды оқыту, ел қатарына қосу.
ЖАРАСХАН ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.