Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » БАЛҒЫНДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН ЖАН

БАЛҒЫНДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН ЖАН

  Соңғы жылдары әр іске жалаң ұранмен емес, жанашырлықпен қарап, барынша қолдау көрсететіндер қатары артып келеді. Оның ішінде «Бар жақсылық – балаларға» деген қанатты сөзді берік ұстанатын жандар көп. Өйткені, олар бүлдіршіннің қуанышы үшін қолындағы барын беруге дайын. Сондықтан мектепте өткен әрбір шараға қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасайды. Ондағы басты мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлестерін қосу. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Ақмарал Бұқарбаева.
Ол – «Консалт Центр ABN» ЖШС директоры. 1981 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен кейіпкеріміз мектепті үздікке бітірді. Одан кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың экономика факультетінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын аталған оқу орнында мұғалімдіктен бастайды. Қазіргі кезде осы қарашаңырақтың экономика мамандығының 2 курс докторанты.
Ғылым жолында жүргендіктен балалардың біліміне аса мән беретін Ақмарал Жетібайқызы мектеп оқушыларының да ғылымды жоғары деңгейде меңгергенін қалайды. Сондай-ақ, осы саланы таңдағысы келетін әрбір бүлдіршінді барынша қолдайды. Атап айтсақ, жақында ғана №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясына мектепішілік «Идеялар жәрмеңкесі» инновациялық көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Онда кейіпкеріміз озық деп танылған шәкірттердің еңбегіне қаржылай демеушілік жасап, қуаныш сыйлады.
– Әлемде бауыр еті – баласын біз секілді өз елінің болашағы, өз ұлтының ұрпағы деп жоғары бағалап, оған айрықша мән беретін халық жоқ. Ата-бабамыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп бекер айтпаса керек. Мен балалардың болашағына сеніммен қараймын. Десе де, оларды дәл қазіргі интернет дамыған заманда әлеуметтік желілердің құлына айналмай ғылыммен айналысса, сапалы білім алса деймін. Сонда ғана олардан биік белестерді бағындаратын ірі тұлға қалыптасады. Оған сөзсіз сенемін. Кімде болмасын балаларға қуаныш сылауға асығары анық. Себебі, олардың жүзінен күлкі көру әрбір ата-ана үшін бір бақыт. Оқушылар арасында инновациялық жобаларды дамыту мақсатында көрме ұйымдастыру біраздан бері ойымда жүрген іс еді. Сондықтан №1 мектеп-гимназияның 100 жылдығына орай мектеп басшылығымен бірігіп, көрме өткіздік. Онда білім ошағының барлық оқушылары бақ сынады. Қатысушылардың жобаларын көріп, іштей риза болдым. Өйткені, олардың ғылымға деген құштарлығы, ойларының ұшқырлығы қайран қалдырды, – деді кейіпкеріміз.
Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық кештерге қолдау көрсетіп, демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, шала туған балаларға арналған іс-шараларға да өз үлесін қосып келеді. Енді ата-аналарынан қараусыз қалған бүлдіршіндерді киім-кешекпен қамтымақ.
– Кешегі көрмеден кейін осы байқауды облыстық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Бірақ, оған көп қаражат керек екені белгілі. Қазір біздің компания ұсынған қызметті – 25 ЖШС мен 28 дара кәсіпкер ақылы негізде қолданады. Олардың ішінде ірі кәсіпкерлер де бар. Алдағы уақытта бұл жобаны соларға ұсыныс ретінде айтып көргім келеді. Әрине, мұның бәрі уақыт еншісінде. Өз басым балғындарға қолдау көрсеткенді өте жақсы көремін. Олардың шаттанғанын көріп, өзім де балаша қуанамын. Сондықтан бүлдіршіндердің бақытты жүздерін, шынайы күлгенін көру үшін қолдан келгенше демеп жүргім келеді, – деді ол.
Кейіпкердің өмірлік жолдасы жеке кәсіпкер. Ол – «Шекен» шаруа қожалығының директоры. Бүгінде олар отбасында 3 баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені – №15 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы. Ал, екіншісі – №1 мектеп-гимназиясының 2 сыныбында оқиды. Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, кейіпкеріміздің теңізге тамызған тамшыдай бұл әрекетін құптарлық іс деуге болады. Өйткені, баланың білімін арттырып, ғылым жолына қызығушылығын оятып, қолдау көрсету егеменді еліміздің ертеңі үшін орасан зор қадам екені белгілі.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.


21 қараша 2017 ж. 2 851 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам