ЗАҢСЫЗ КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Кент аумағында ондай келеңсіздікке жол берген азаматтар кездеседі. Заңсыз жолмен пайда табуға жол жоқ. Бұл ретте, такси жүргізушілерін атап өтуге болады. Қызметін заң жүзінде рәсімдемей табыс тауып жүрген оларға жолаушы тасымалдауға бұрыннан рұқсат етілмейді. Дегенмен, бұған мән беріп жүрген олар жоқ. Рейдтік топ мүшелері дәл осы бағытта тексеріс жасады.
Кенттің орталық алаңында күніне кемінде 10-ға жуық такси көлігі жолаушылар тасымалдайды. Ал, олардың арасында кәсібі заңдастырылған азаматтар санаулы. Бірнеше такси жүргізушісінің кәсіпкер ретінде тіркелген құжаттары тексерілді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталды. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Осыған орай, оларға 15 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салу туралы хаттама толтырылды.
– Өткен жылдан бастап дара кәсіпкер ретінде тіркелу үшін ешқандай алым төленбейтін болды. Кез келген азамат халыққа қызмет көрсету орталығында өз кәсібін заңдастыра алады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің үш түрі белгіленген. Ол оңайлатылған декларация патент негізінде арнаулы салық және жалпыға бірдей белгіленген тәртіп режимі. Азаматтардың осы үш бағыттың бірін таңдап, тіркелуіне болады. Егер оңайлатылған режимді таңдаса 2 патент алса 3, үшінші жағдайда таза табысының 10 пайызын төлейді. Осы орайда қаладағы барлық жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне түсіндірме жүргізілді. Ал, қараша айының 7-нен бастап рейдтік тексеріс басталды. Бұл іс-шара 25 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы кезге дейін такси қызметіндегі 39 азаматқа заңды бұзғаны үшін салықтық хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданды. Оның ішінде 2-не айыппұл салынды, – дейді қалалық кірістер басқармасы салық төлеушілермен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Мейрамбек Жүсіпов.
Мемлекеттік тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет түрлерін көрсеткендер ҚР ӘҚБтК 463-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 34035 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Айдана САЙДУЛЛА.