Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » 120 теңге қайдан шықты?

120 теңге қайдан шықты?


«Самаурынды су алды десе, Самарқанды су алды» дейтін халықпыз ғой. Соңғы күндері тұрғындар арасында «Жолақы қымбаттапты!» деп байбалам салғандар көбейді. Істің мән-жайына бармай жатып, әкімдікті даттап, базынасын айтқандар да табылды. Бірақ, жолақы төлеудегі енгізілген өзгеріс дәл сіз бен біз ойлағандай емес. Баға бәз-баяғы, тек цифрлық жүйенің игілігі арқасында енді иін тірескен қоғамдық көлік ішінде тиын санап тұрмайсыз. Қуаныңыз. Яғни, жолаушылар тасымалын жеңілдету мақсатында карталы төлем жүйесі іске қосылуда.
Алдағы 1 қыркүйектен бастап тұр­ғындар жолпұлды енді бұрынғы баға­мен карточка қызметін пайдалану арқылы төлемек. Екі тарапқа да тиім­дісі – осы.  Ал, егер жаңа төлем жүйесінен бас тартсаңыз, онда қол­ма-қол 120 теңге төлеуге тура келе­ді. Жолпұл бағасындағы мұндай айыр­ма­­шылықты сала мамандары ха­лық­ты цифрландыру системасына оңтай­ландыру, заманауи қызмет түрінің артықшылығын тұрғындарға насихаттау екенін алға тартады. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда төлем картасын қолдану арқылы тұрғындар ақшаларын үнемдей алады. Ал, электронды төлемге де, қолма-қол жолақыға да бірдей төлем бағасы бекітілсе, көпшілік сол бұрынғы үйренген қалпымен қолма-қол төлеп, жолақыдағы жаңа жүйе қолданыссыз қалар еді. Автобус паркінің мамандары 90 мен 120 теңгенің аражігін осылай түсіндіреді. Бір айта кетерлігі, сізде төлемақы электронды карта бола тұрып, қоғамдық көлікте терминал болмай не жұмыс істемесе, сіз жетер мекен-жайға дейін тегін жүре аласыз. Сондай-ақ, картаның сатып алу бағасы да қалтаға қонымды. Үлкендер үшін 500, оқушылар үшін 400 теңге бекітіліпті. Оған ұялы телефонға бірлік салғандай өз қажетіңізше ақша салсаңыз болды, кәдеңізге жарай береді. Оның жарамдылық мерзімі де шектеусіз. Ал, картаңызды алда-жалда жоғалтып алсаңыз, 2505 номеріне «Блок» сөзін хабарлама ретінде жіберіп, оны бұғаттай аласыз. Демек, жолақының жаңа төлем жүйесінде жолаушылардың барлық құқығы қорғалған. Бірақ, бір ескеретін жәйт, жолаушылар қоғамдық көлікке міне сала төлем жасауға міндетті. Бұрынғыдай түсер сәтте төлермін деп жайбарақаттылыққа салынсаңыз, аяқасты айыппұл арқалап кетуіңіз ғажап емес. Сондай-ақ, карта сіз мінген көліктегі бір адамға ғана, яғни, өзіңізге жарамды екенін ұмытпағаныңыз жөн. Себебі, бір рет төлем жасаған соң, «ақылды» терминал картаны екінші мәрте қабылдамайды.
Цифрлық жүйенің бізге дайындаған креативті дүниелері мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта жолаушылардың уақытын тиімді пайдалану үшін тағы бір жаңашыл жоба ел игілігіне іске қосылмақ. Барлық қоғамдық көліктер электронды жүйеге ауысқан соң, қаладағы аялдамаларға арнайы шағын ақпараттық экран орнатылады деп күтілуде. Түсінгенімізше, ол тұрғындар күткен автобусының қай жерде екендігін, өзі тұрған аялдамаға неше минутта келетінін көрсетіп тұрады екен. Міне, ғажап! Демек, бұрынғыдай сарылып маршрут күтіп, әуре-сарсаңға түспейсіз. Әлемде қанатын кеңге жайған цифрландыру осылайша бізге де өз шарапатын тигізуде. Ендеше, дәл қазіргі сәт жаңашылдық пен дамудың кезеңі екенін ескерсек, біздің шаһарға да келіп жеткен мұндай «ақылды» жобалар адамзаттың өмір сүру деңгейін айтарлықтай жеңілдетіп, ел игілігіне сапалы қызмет етері сөзсіз. Сондықтан, «Жолақы қымбаттапты!» деген орынсыз ойдан ада болғаныңыз жөн, жолаушы!

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
15 тамыз 2020 ж. 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 039 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам