Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылордалықтардың орташа жалақысы қанша?

Қызылордалықтардың орташа жалақысы қанша?

Бүгінде адам баласының қомақты ақша табуға деген құлшынысы өте биік. Өйткені, жақсы өмір сүру, бармен шалқып жүру кімге ұнамайды дейсіз. Әсіресе, сананы тұрмыс билеген мына заманда көп нәрсенің ақшаға келіп тірелетіні заңдылық қой. Сондықтан екі қолға бір күрек іздеген азаматтар маңдай терін ақтайтын жалақы табылса болды, жер қазып, жүк тасуға да қайлы. Жұмысқа орналаспай жатып, әуелі еңбекақысын сұрайтынымыз да жасырын емес. Бәрі сол күнкөріс – қара қазан, сары баланың қамы. Осы орайда  ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті сайтын көзбен парақтап, қызылордалықтардың орташа жалақы мөлшерін зерделеп көрген едік. Әрі қарай сандар сөйлесін...

Біреуден кем,  біреуден ілгері
Осы жылдың қаңтар-маусымында облыс бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы ірі және орта кәсіпорындар арасында, сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда барлық кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша 177 321 теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің ішінде 30 процент экологиялық төлем де бар. Ал, нақты жалақы индексі 114,3 процентті көрсетіп тұр. Салалық құрылымда ең жоғарғы атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу бағытына тиесілі. Сарапшылар аталмыш сала қызметкерлерінің орташа табыс көзі 352 851 теңгені құрайтынын айтып отыр. Ал, ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығында екені анықталған. Онда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы  91 566 теңгені құрайды.
Облыс бойынша департамент басшысы Мариям Баекеева бұл дерекке қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл сандар халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптасқан әдістемелік нұсқаулықтарға байланысты анықталады.
– Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы жалақының есептелген қорының сомасын қызметкерлердің нақты санына және есепті кезеңдегі айлар санына бөлу жолымен есептеледі. Ал, нақты жалақы индексі атаулы жалақы индексін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тұтыну бағасының индексіне бөлу жолымен анықталады. Екі индекс те бір және сол уақыт кезеңіне жатады. Аталмыш жалақы көлемі қосымша ақы, үстемақы, сыйақы, сондай-ақ табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын есепке ала отырып қалыптастырылады, – дейді Мариям Баекеева.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы алатын аймақтар арасында Атырау облысы көш бастап тұр.  Онда орташа жалақы құны осы ірі және орта кәсіпорындар, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда 371 779 теңгені құрайды. Әрине, өндіруші салалар болғандықтан мұнда орташа айлық жалақының жоғарылығы таңданарлық жайт емес. Сондай-ақ, алғашқы бестіктің қатарын Маңғыстау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды өңірлері толықтырып тұр. Ал, орта есеппен 177 321 теңге алатын қызылордалықтар республика бойынша тоғызыншы орынға тұрақтапты. Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, бұл тізімді аяқтап тұрған Солтүстік Қазақстан 150 187 теңгені қанағат тұтқан. Осылайша Сыр жұртшылығы күнкөріс деңгейі бойынша біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік етіп келеді.

Айлық пен шайлық
Тіршілік тұтқасы ақшаға тірелген нарықтық заманда еңбек қалайда лайықты бағалануы тиіс. Ендеше, айлық табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайтын қарапайым халық үшін жағдайды реттеудің бір жолы – әділ жалақы тағайындау екенін ескерсек, жұмыс берушілер де бұл мәселеге келгенде адамдық қасиеттен аттамауы керек. Әйтпесе, «Ел құлағы елу» демекші, қол астындағы қызметкерінің еңбекақысын қаржылық құпияға жатқызып, оны жарияламаудың соңы үлкен заңсыздық әрекетке әкеліп соғып жатқандығын естіп те жүрміз. Десе де, мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік-қаржылық жағдайын көтеру мақсатында жасалып жатқан шаралар қу шөппен ауыз сүртерліктей емес екенін мойындауымыз қажет. Бұл тұрғыда Үкіметтің ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеріп, кей мамандардың жалақы көлемін арттыру туралы жағымды жаңалықтары да көңілге қуаныш ұялатады. Дәл осы бағыттағы бастамалар аяқсыз қалмай, жалғасын тауып отырса, қалтадағы шайлыққа жетпейтін қара бақырларды бармағымен басып қойып, сөмкесіндегі сөлкебайларды санамалай жүретіндердің саны бір қазаққа болса да азаяр еді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
18 тамыз 2020 ж. 1 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам