Жаңарған үй – жаңа өмір
Бүгінде қала келбеті күн санап құлпырып, ай санап айшықталып келеді. Көшелер мен ескі нысандарды жөндеу, жаңа мектеп құрылысын жүргізу секілді халықтың көкейіндегі өзекті мәселе өз кезегімен шешім табуда. Тек қала орталығы ғана емес, шет аймақтағы тұрғындар да игілікті істің куәсі болып, айнадай жол мен ыңғайлы алаңқайларға қол жеткізді. Тіпті жергілікті әкімдіктің қолдауымен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу де қызылордалықтар үшін үлкен мүмкіндікке айналғаны жасырын емес.
Расында, биыл шаһар көлеміндегі көрікті нысандардың ашылғаны, күрделі жөндеу жұмыстарының қарқын алғаны білінеді. Бір ғана жаяу жүргіншілер жолы құрылысының өзі жүйелі жоспардың нәтижесі екені анық. Сонымен қатар, кала көркін келтіретін көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмысы да маусымдық межеге енген. Мысалы, қалада сол жағалаудағы үйлерді қоса алғанда 815 көпқабатты тұрғын үй бар болса, соның 426-сы жөндеуді қажет етеді. Бүгінге дейін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 134 көп пәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, меншік иелеріне пайдалануға берілген.
Бағдарламаның талаптарына сәйкес, ең алдымен тұрғындардың басым бөлігінің келісімімен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық немесе республикалық бюджеттік бағдарламаларға ұсынылады. Бір оңтайлы тұсы, жоба қолдау тапқан сәтте құрылыс монтаж жұмыстарын жасаушы мердігер мекемені тұрғындар өзі таңдайды. Сонымен қатар тұрғындар арасынан белсенді топ мүшелері сайланып, жасалып жатқан жұмыстың барысын қадағалап отырады. Тұрғындар арасынан туындаған сын-ескертпелерді мердігерге жеткізе отырып, орындалған жұмыстардың қабылдау актілеріне қол қоюға мүмкіндігі бар. Мұндай тиімді жүйе көптеген тұрғын үй құрылысында қолданылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен мердігер мекеме арасындағы дау-дамайды болдырмау, сапа деңгейін арттырудың төте жолы екені анық
Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында «Запад», «Южный», «Мерей» мөлтек ауданындағы 32 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысында үйлердің фасады, шатыры, жертөлесі жөнделіп, инженерлік жүйелері қалыпқа келтіріледі деп жоспарланған.
– Басты мәселе – баспана. Қарапайым халық алдымен үй-жайының жағдайын ойлайды. Тұрғын үйлерді жаңарту жұмысының жүргені үлкен қуаныш. Себебі, кейбір шағын аудандарда кәріз жүйесі мен үйлердің жертөлесі жаңартылмағандықтан қолқаны қабатын иіс шығады. Жаңбырлы маусымда шатырдан су кетіп жататын жағдай кездеседі. Сондықтан, күрделі жөндеу ең оңтайлы шешім екені анық, – дейді қала тұрғын Манат Досболқызы.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қала аумағындағы үйлерді жаңғыртуға бюджеттік өтінім ұсынылған. Жоба қолдау тапса, 26 үй қайта жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.
Шаһар басшысы да құрылыс барысын бақылау мақсатында нысандарды аралау жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Жөндеу жұмысының уақытылы аяқталуы, біткен істен шикілік шықпауы мердігер мекемелерге қатаң ескертілуде. Мердігер мекеме басшылары да сапа деңгейінің талапқа сай болатынын жеткізіп, тіпті кейбірі қосымша жүктеме ретінде көпқабатты тұрғын үй аулаларына орындықтар орнатып, ауланы қоршау жұмыстарын жүргізуді міндетіне алған.
P.S. Бұл бағдарлама қаладағы ескі үйлерге жаңа өмір сыйлайды десек артық емес. Жаңарған үйлерді күтіп ұстау және тиісті төлемді уақытылы төлеу тұрғындар жауапкершілігінде.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ