ЕТІКШІ НЕГЕ ЕТІК ТІКПЕЙДІ?..
«Тапсырыс берсең етік тігіп береді екен». Мұны естіп, елең ете қалдық. Етік жөндейтіндердің елдің етігін жамап-жасқап, жаңалап беретінін жақсы білеміз. Ал «етік тігеді» дегенді өз басым естімеппін. Содан да маған қызық көрінеді. Қалай, қаншаға тігеді? Сапасы қалай екен? Мұны етікшіден білмек болып, жұмыс аяғына қарай «Жайна» сауда базарына бет алдық. Межелі мерзімде діттеген жерімізге жетіп кейіпкерімізді кездестірдік. Кейіпкеріміз Сенбек Орынбекұлы 15 жылдан бері аяқ киім тігумен айналысып келеді екен.
– Етік тігіп сатуға болады әрине. Алайда қаржылық тапшылық қол байлайды. Оған көп құрылғы қажет. Кәсібімді кеңейтем деп көмек сұрадым. Айтар уәждері «кепілдемеге қояр дүниең ереже талабына сай емес» дейді. Содан 2017- 2018 жылдары Шымкент қаласында етік тігетін арнайы орынмен келісімге отырып, соны әкеліп осында саттым. Содан мені Сыр еліндегілер өзі етік тігетін деп ойлайды. Бұл кәсіппен айналысқаныма жиырма жылға жуықтады. Алғашында әрине, бірден игеріп кеттім десем артық айтқандық болар. Уақыт өте келе толыққанды меңгеріп, қазір сүйікті кәсібіме айналды. Күнделікті табысым орта есеппен 3 мыңның жобасы. Айына 100 000 теңгеге дейін, кейде одан да көп табыс табамын. Осы уақытқа дейін жасаған жұмысыма шағым айтып жатқандар жоқ. Қоғамда екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды жиі кездестіремін. Оларға айтар кеңесім «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз бар. Осыны жүрекпен ұғынып, өмірлік тәжірибеге айналдыру қажет, – дейді Сенбек Дүйсенбаев.
Иә, елімізде мыңдаған мамандық болса ішінде ілгеріден бері келе жатқан ата кәсіп – етікшілік. Таң шапағымен таласа тұрып, бізі мен жібін жанынан тастамайтын етікшілер еңбегін былайғы жұрт біле бермейді.
Бүгінде етікшілер көмегіне жүгінетіндер қатары аз емес. Оған аяқ киімнің сапасыздығы себеп. Бұл кәсіпке кейбіреулер қырын қарайтыны да жасырын емес. Алайда бұл – адал еңбек. Табыстары да толымды. Бір отбасын асырауға жеткілікті. Тек әрбір қажетті затты ұқыптылықпен пайдаланса болғаны.
Кейіпкеріміз аяқ киім тігумен қатар сирек кездесетін ашық хат, төсбелгі мен көне тиындарды жинауды хоббиіне айналдырған. Оның жинақ қорындағы әрбір дүниенің өзіндік тарихы бар көрінеді.
– Кеңес заманындағы төс белгілерді хабарландыру арқылы қабылдаймын. Сондай-ақ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары алғаш шыққан теңгелерді жинап жүрмін. Алғаш шыққан теңгелерде ақын-жазушылар мен салт-дәстүр сабақтастығы бейнеленген, – дейді етікші.
Бір үйдің отағасы болғаннан кейін бар жауапкершілік соның міндетінде. Адал еңбегімен тапқан табысын шашау шығармай қажетіне жаратып келеді. Жылдың төрт мезгілінде де осы кәсіппен айналысады. Жаз айларында күн жылы болғанмен, қыста отыру қиынға соғатын көрінеді. Аядай бір бөлмеде тоқ пеш қосып, жан сақтайды. Расымен, етікшілік тек тиянақтылық пен еңбекқорлықты ғана емес соған деген таза ниеттің болуын талап етеді.
Кәсіптің қыр-сырын толыққанды меңгерген маманның келешек жоспары – шағын шеберхана ашып, жанына талапкер жастарды тәрбиелеу. Ол еңбек ете жүріп, ойға тоқығандарын тәжірибе жүзінде іске асыруды мақсат тұтады. Сүйікті кәсібімен айналыса жүріп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Соны бақытына балайды, бұйырған нәпақаны қанағат тұтады. Міне, бұл – нағыз еңбек адамының болмысы.
Ол тұрғындардан түскен тапсырысты дер кезінде бітіріп беруге дағдыланған. Қазіргі кезде өзінің ескі тігін машинасымен жұмыс жасауда. Жабдықтарын жаңарту жоспарында бар. Біз бүгін бір ғана еңбек адамының жұмысын жаздық. Ондай жұмыс сіздің де қолыңыздан келеріне күмән келтірмейміз, құрметті оқырман. Тек таза ниет пен аса ынтызарлық қажет. Сонда ғана «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген хакім Абайдың сөзіне іспен жауап бере аласыз.
Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ