Ауылдан көрген жылыжай
Ақжарманың алқасында уақыт көшіне ілескен, нарықтық қатынасқа бейімделген, тер төгіп, тірлік кешкен көшелі азамат көп. Солардың бірі өзін Ғани деп таныстырды. Тегі Ерназаров екен. Жалындап тұрған жас жігіт. Ол бірден «үйге жүріңіздер, кәсібімді көрсетейін» деп қарашаңыраққа қарай жол бастады.
–Бұл үй әкем Қырғызбайдың қарашаңырағы. Өзім еншімді алып, бөлек шықтым. Дегенмен қазір ата-анам қасымда. Мұнда тек жылыжай ғана жұмыс істеп тұр.
Сол күні жер иленіп, төңірек батпақ еді. Аяқтың ұшымен келеміз. Етік сүңгіп кетсе суырып алу неғайбыл. Сырттан қарағанда ауланың ажарын ашып, өз алдына қойылған отаудай оқшауланып жылыжай жайғасқан. Жарасымды-ақ. Ал, ішіне енгенде тіптен таңырқау басталды.Жып-жинақы жасалған бұйым екен.
–Мынанша дүние сенің қолыңнан шықты ма?
–Әрине, бұл заманда біреудің бетіне қарап отыруға болмайды ғой. Интернет деген жақсы көмекші бар, керек-жарақты содан іздеймін.
Өздеріңіз көргендей, қаптама түгелдей поликарбанаттан құралды. Бұл 4-5 жылға жарамды, жұқа пленкадан жүз есе артық.
–Қыста неге егілмей тұр?
–Ол үлкен шығын. Еңбекті ақтамайды. Жылыту мәселесі көп күш сұрайды. Егер газ болса онда жыл он екі ай жұмыс істеуге жылыжайдың мүмкіндігі бар.
–Қай дақыл пайдалы?
–Негізінен қызанақ, қияр, сосын түрлі көктер өсіремін. Тұқым туралы көп айтуға болады. Ташкент, Шымкент, тіпті Ресейден тұқым алып көрдім. Әртүрлі өнім келеді. Ал, Голландия тұқымы бір жылға ғана есептелген. Бірақ көздеген көлемдегі өнімді береді.
–Жылыжайдың көлемі қанша?
–Шамамен 200 текше метр. Бір үйге жеткілікті.
–Суару жайы қалай шешілген?
–Тамшылатып суарылады. Мынау арнайы қойылған ыдыс. Осыған су толтырылып, жылы күйде егіске беріледі.
–Тамаша. Сіз таза агрономға айналған маман болыпсыз. Қазір егіске кеш емес пе?
–Жоқ. Үйде шағын ыдыстарға тұқымды отырғызып қойдым. Басы қылтиып шықса осында әкелемін. Жылыжай дайын тұр.
–Ғани, енді мұның пайдасы қалай?
–Аға, байып та кетпейсіз, кедей де болмайсыз, бір үйді толық асырайды. Меніңше әрбір үйге керек дүние. Ең бастысы, бала-шаға өз қолымен жұлып жеп, ағзаға қажетті дәруменмен қамтамасыз еткеннің пайдасы зор.
Біз жылыжайдың ыстық қапырығына шыдамай сыртқа бет алдық. Маңдайдан шыпшып тер шықты. Бұл – жер де, жылыжай да егіске дайын тұр деген белгіні білдіргендей. Бір жағынан Ғани Ерназаровтың әрекетіне көңілденіп тұрмыз. Өзі жеке кәсіпкерлікпен айналысып, қолы қалт еткенде мына тіршілікті әурелейтін азаматтың еңбекқорлығы бізді қызықтырды. Есесіне, отбасын асырап қана қоймай, ауылдастарын да балғын өніммен қамтамасыз етіп келеді. Несі бар, әркім-ақ осылай жасасын. Жұмыс жасаймын деген ынта барға кім кедергі болады? Өзгелер одан өнеге алсын, жан бақсын! Біз Ғаниға «іске сәт!» деп тілек қостық. Ол кәдімгідей бұған қуанып қалды.
Қаныбек Әбдуов.