ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚАЛА
Толағай табыстар мен іргелі істердің жүгін көтерген 2017 жыл өзінің қуанышқа толы өрнегімен ел есінде қалды. Осы уақыт ішінде Сыр аймағында небір серпінді бастамалар мен ел игілігі жолындағы жарқын жобалар жүзеге асырылды. Өңірімізде көптеген келелі істер атқарылды.
Бірлігі мен тірлігі үндестік тапқан облысымыз ақ күріштен рекордтық өнім алып, ырыздық пен несібені тасыттырды. Қамбаға 500 мың тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Былтыр ауылшаруашылығы тауарларының 42 пайызы сыртқа шығарылды. Оның ішінде күріш экспорты 45 пайызға өсті. Әсіресе, Иран Ислам Республикасымен тығыз байланыс орнатылды. Олармен ауылшарушылық өнімдері мен сауда-саттық логистикасы жолға қойылып, бизнестік әріптестік жөнінде бірнеше меморандумға қол қойылды. Келешек кемерінде Қызылорда қаласында ет комбинаты және жеміс-жидектерді сақтау, жеткізу мәселесі ескеріледі.
Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласының оңтүстік бетіндегі әуежай бағытындағы кіре беріс бөліктен қақпа, көпқабатты төрт тұрғын үй көпшілікті қуанышқа бөледі. Қазақ қашанда шаңырақтың шаттығын, босағаның беріктігі мен биіктігін тілеген.
Бұл орын келе жатқан қонақ пен жүргіншінің көңілін бірден баурайды. Алыстан мен мұндалап тұрған доға пішіндес жаңа қақпаның биіктігі – 10, ені – 18 метр. Ұлттық нышандағы өрнегі мен бедері бар. Ол әрбір адамды еріксіз назар аудартады. Қаланың қазақи қалпын айшықтай түседі. Оған сән бере түскен жарық шамдары жаныңа шабыт сыйлайды. Қазақ «Қос тойың қабат, екі дүниең абат болсын» деген тәмсілді тегін айтпаса керек. Жанға рух сыйлаған жаңа қақпаның ашылуынан соң, қаланың Демесінов көшесінде қоныс той жалғасын тапты. Халықтың жүзінен шаттықтың, қуаныштың лебі есіп тұрды. Мұнда төрт бірдей көпқабатты үйдің құрылысы ел игілігіне берілді. Бұл мереке қарсаңындағы үлкен сыйлықтың бірі болды. Осылайша 210 отбасы мейрамды жаңа пәтерлерінде қарсы алды. Үлкен шаттық пен бақытқа кенелген қоныстой иелері ел ағалары ризалықтарын білдірді.
Сыр өңірінде экономика өркендеп, аймақтың әлеуметтік ахуалы жақсара түсті. Халықтың өсу саны артты. Облыс өркендеуіне үдемелі индустриалды-инновациялық даму жолы зор серпіліс берді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес бағытында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіді. Аймақта құрылыс қарқын алып, индустриялық-инновациялық жобаларды қолдауда бірқатар жұмыстар жасалды. Осындай нақты істердің жүзеге асырылуы нәтижесінде Қызылорда шаһарының жыл өткен сайын керегесі кеңіп, құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал, соңғы 4 жылдың ішінде 7 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шағын аудан бой көтерген. 2017 жылдың өзінде 2971 пәтерлік көпқабатты 61 үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен және мемлекеттік бағдарламалар арқылы 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Былтыр қаладағы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің түйіні толық тарқатылды.
Қызылорда қаласында бой көтеріп жатқан ірі индустриялық жобаның бірі – шыны өндіру зауыты. Ол 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Осындай ірі өндірістің бірі – ферроқорытпа зауытының жобасы алдағы уақытта қолға алынбақ.
Мақтанышпен айтуға тұрарлық ауқымды жұмыстың тағы бірі – дарияның сол жағалауынан жаңа қаланың бой көтеруі. Ол келешекте нағыз рухани жаңғырудың алтын ордасына айналмақ. Шығыстық үлгімен салынып жатқан жаңа аймақтың сәулеті мен келбеті қазақи нақыштармен өрнектелмек. Қазірдің өзінде мұнда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары қарқынды жүруде. Сондай-ақ, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, Жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы жарыса бой тіктеуде.
Аймақты газбен қамту жұмысы қарқынды жүзеге асырылуда. Жуырда ғана қала маңындағы 4 мың халқы бар Белкөл кенті тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Бұған дейін қалаға қарасты Тасбөгет кенті мен Қызылжарма, Талсуат елді мекендер толық газдандырылды. Осылай Сыр халқының өмір әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға артып, замана көшінен қалмай, ел ахуалы арта түсуде. Осының бәрі – ел жолында жүзеге асырылып жатқан игілікті істер.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.