ӨРКЕНИЕТ ОРДАСЫНА АЙНАЛҒАН АҚМЕШІТ
Өткелі тұрған 2017 жылға ешкімнің де өкпесі жоқ. Ескі жыл есіркеді десек болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рухани қазыналарды ұлықтауға жол ашылды. Аймақта өркенді істер қанат жайды. Осының нәтижесінде облыс орталығы – Қызылорда бұрынғыдан да ілгері басты, шырайлы шаһарға айналды. Асқақ армандар мен мақсаттарды орындауда ойлағанымыз жүзеге асты. Ірі инвестициялық орталыққа айналып, жарқын жобалар жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы серпіліске жол ашты. Осындай әлеуметтік даму арқасында облыс орталығы жылдан-жылға өркениет өрісіне қадам басуда. Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда Сыр жағасын жандандыра түсіп, көсіле қанат жаюда. Сол жағалауда көз ілеспес жылдамдықпен бой көтеріп келе жатқан жаңа қала дария келбетін бұрынғыдан да аша түспек. Өйткені, онда шығыстық үлгідегі ертегідей қала орнап, ол қиял-ғажайыптарға толы болмақ.
Елбасы қолдауымен жүзеге асқан түрлі бағдарламалар аясында Ақмешіт шаһарында ауқымды инфрақұрылым жұмыстары жүзеге асырылды. Осының арқасында қала көшелері жыл сайын сәулеттеніп, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері қайта жаңғырудан өтті. Аулалары алдынан спорттық алаңдар мен балалар ойын алаңқайлары заманауи талапқа сай салынды. Ол салауатты өмір сүрумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын арттыра түсті.
Елімізде сапалы білім беру мәселесі – басты назарда. Осылайша болашақтағы еңбек нарығына сәйкес қабілетті маман дайындауға зор көңіл бөлініп отыр. Ел келешегі мен болашағы жолында осындай игілікті тапсырманы жүзеге асыра отырып, дамыған елдердің қатарына қосылу көзделген.
Сыр өңірінде жас өрендердің терең білім алуына зор көңіл бөлінген. Атап айтар болсақ, жыл сайын жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Мәселен, өткен жылы аймақта 13 мектеп ел игілігіне айналса, биыл Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында орын тепкен апаттық жағдайдағы 11 білім ошағының құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданында екі мектеп қайта салынған. Мұнан басқа республикалық бюджет есебінен бүгінгі күні аймағымызда 300 орындық осындай 5 ғимарат қолға алынып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
Ең бастысы, облыс бойынша үш ауысымдық білім беру проблемасы өз шешімін тапқан. Осының ішінде Қызылорда қаласындағы 54 мектеп заман талабы мен уақыт мүддесіне сай жабдықталған. Онда бүгінде 55 мыңнан астам оқушы сапалы білім алуда.
Осындай нақты істердің арқасында облысымыз республика бойынша алғашқы бестіктен көріне білуде. Мәселен, өткен оқу жылында мектеп бітірген 1 мың 739 түлектің 581-і мемлекеттік оқу грантын иеленген. Бұл деген ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жетістік. Әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 162 оқушы облыс әкімінің грантына лайық деп танылған. Мұнан бөлек, 62 түлек Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург университетінің студенттері атанған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл бағытта көптеген игілікті істерді қолға алып келеді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында 11 жаңа шағын аудан бой көтеріп, көптеген отбасы қоныс тойын өткізді. Осының шеңберінде тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға тиісті қаржы бөлініп, ол толығымен жүзеге асырылуда. Оны пайдалануға беру жыл соңына дейін қарастырылған. Облыс орталығының сол жақ жағалауында шырайлы шаһар орын тебуде. Жаңа қала 15 ауданнан тұрмақ. Оның сәулеті қазақтың ежелгі кескіндемелерімен әрленетін болады. Осыны іске асыру барысында заманауи үлгідегі бас жоспар негізге алынады. Жалпы алғанда 1532 гектар аумақты алатын сәулеті келіскен шаһарда емхана, аурухана және мәдениет ошақтары мен ірі сауда нысандары, басқа да өмірге қажетті орындар ғимараттары бой көтермек. Бұлардың барлығы – алдағы келер күн мен жылдардың еншісіндегі атқарылатын дүниелер. Ең бастысы, жаңа қаланың іргесі қалануда.
2016 жылдың аяғында екі жағалауды байланыстыратын көрікті жаңа көпір пайдалануға беріліп, сол жағалаудағы жұмыстардың қызу жүруіне оң ықпалын тигізуде. Бүгінгі күні аталмыш аймақта 23,1 гектар аумақты құрайтын тұрғын үйлер нысандары, 320 орындық балабақша, «Жастар орталығы», «Мұражай» мен «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы кешендерінің құрылыстары қарқын алуда. Алдағы жылы мұнда құрылысы қарқыны еселене түспек.
Осының бәрі Қызылорда қаласының әл-ауқатының арта түскендігін байқатады. Бүгінгі жасалып жатқан оңды тірліктің барлығы ертеңгі ел игілігі жолында атқарылып жатқан игілікті істердің бастауы. Мәселен, ен жағалай көше бойына қойылған түрлі әшекейлі бұйымдар мен қазақтың ою-өрнектері ұрпақ санасын оята түсіп, ұлы дала құндылықтарын еске салады. Оның барлығы рухани жаңғыру аясында жасалып отырған дүниелер екендігін айта кеткеніміз орынды. Олар заман мен уақыт талабына сай озық үлгіде жасалған.
Ал, жоғарыда аталып көрсетілген бейнелердің Қызылорда қаласы көшелерінен орын алуы шаһардың қазақылық қалпын паш етіп, ұлттық құндылықты айшықтай көрсете біледі. Бұл – кемелдікпен салтымызды дәріптеп, үрдісімізді ұлықтап, нақышымызды жарқырата көрсетіп, өркениет өрісіне жол ашқандық.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.