АЖАРЫ АЙШЫҚТЫ АҚСУАТ
Елбасының «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» деген сөзі бар. Әрбір жан өзі туып-өскен киелі мекеннің тұрмысы мен тіршілігінің жақсаруына, мәдениеті мен ғылымы, білімінің дамуына қолынан келгенше үлес қосуы керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бас мақаласында кеңінен айтылған.
Ауыл – әрбір адам үшін өте қымбат, ыстық. Ол бізге дейінгі сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені, алтын бесігі, салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері, мәдениет пен адамгершілік ортасы.
Осындай құт қонған берекелі елді мекеннің бірі – қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі. Ауыл келбеті алыстан көз тартады. Жөнделген түзу көшелер, әдемі үйлер... Бүгінде мұндағы халық саны 7205 адамды құрап отыр. Бұл округке Ж.Маханбетов ауылы, «Наурыз» саяжайы кіреді. Тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеке кәсіп көзін ашып, ауылдағы ағайынға қызмет етуде.
Білімді ұрпақ, өнерлі өрен
Ақсуат ауылында білімге, мәдениетке ерекше мән береді. Ауылда 2 мектеп бар. Онда 1525 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, оның жанындағы мектепалды даярлық топтарында 201 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 1 мемлекеттік және 5 жеке балабақша қызмет көрсетеді. Бұл мекемелерде 465 бүлдіршін бар.
Мәдениет саласы бойынша да жаңалық аз емес. Осындағы 150 орындық мәдениет үйі жанында ән, би, көркем сөз оқу, домбыра үйірмелері елге өнерін паш етуде. Ақсуатта «Ақ бата» әжелер ансамблі жергілікті жұртшылықтың жылы ықыласына бөленген.
Жыл бойына жергілікті мәдени шараларды қолдауға 572 мың теңге бөлініп, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ», «Жас Отан – жастарға!» атты партиялық жобалары аясында көптеген игі іс қолға алынды.
Әнұраны бар елді мекен
Әр елді мекеннің атауы бар болса да, өз әні болмауы мүмкін. Ауылдың ардақты тұрғыны, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, ардагер ұстаз Қадыр Әмзеұлы туған мекеніне арнайылап «Ауылым» атты Әнұран шығарған. Содан бері әр мерекеде сол туынды орындалады.
Сонымен бірге ақсуаттық отбасылардың белсенді екені байқалады. Олар әрбір байқауға қатысып, өнерлерін ортаға салып, ауыл атын асқақтатып жүр. Медицина саласында абыройлы қызмет атқарған Балмахановтар шаңырағы «Мерейлі отбасы» қалалық байқауына қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, облыстық байқаудан номинация жеңіп алды.
Спортшылар жетістігі
Берекесі тасыған ауыл демографиясы алдыңғы орындарда келеді. «Бірінші байлық – денсаулық» дегендей, осы сала бойынша ауылдық дәрігерлік амбулаторияда 3 дәрігер, 13 мейірбике тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ақ халаттылардың айтуынша, соңғы үш жылда 600-ге жуық нәресте дүниеге келді. Демек, елді мекеннің халқы көбейіп келеді деген сөз.
Сондай-ақ, «Спорт – денсаулық кепілі» дегендей, елді мекендегі білім беру мекемелерінің теңгерімінде 3 спорт ойын алаңы мен мектеп алаңдары, спорттық үйірмелері жұмыс істейді.
– Елдің даңқын шығаратын мәдениет пен спортта жүрген ауылдың мақтаныштары да жетерлік, – деді ауылдық округ әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев.
Айталық, ҚР қола жүлдегері атанған – Мұрат Құдайберген былтыр қазақ халқының даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық турнирден жүлделі оралды.
Мұндағы қыздар да осал емес екендігін байқатты. Грекияның астанасы – Афиныда өткен қыздар арасындағы жарыстың қола жүлдесіне Айша Қаппар ие болды. Сонымен қатар, Сәрсенай Алиасқарова, Ағжан Қонысбекова, Шұғыла Ерболат республикалық деңгейдегі додаларда жеңімпаз атанып жүр.
Аграрлық сала ауқымы
Иә, ауылдағы ағайынның басты кәсібі осы. Бүгінде ауылда 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен 45 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 5-і «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, мал басын асылдандырып отыр. Былтыр бірнеше шаруашылық бірігіп, «Атамекен Ақсуат» селолық өндірістік кооперативін құрса, биыл оның қатарына «Нұр-Береке М» қосылды.
«Ынтымақ» бағдарламасы аясында шағын сүт өңдеу зауытына 6 млн. 590 мың теңге қаралды. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен «Самұрық құс» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 30 мың құс ұстайтын, жұмыртқа бағытындағы фермасын ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге ауыл халқы кәсіпкерлікке кеңінен бет бұрып келеді. Осы күні 182 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде жеке кәсіпкер саны – 130. Бұл азаматтар дүкен, монша, шаштараз, балабақша, автокөлік жуу, жөндеу орталығы, жиһаз құрастыратын цех, дәріхана, тіс емханасын ашып, ел игілігіне берді.
– Тұрғындардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып отырғаны қуантады. Ол жағынан ауылдық округтердің ішіндегі алдыңғы қатарда екенімізді жеткізгім келеді, – деді ауыл әкімі.
Сөзімізге дәлел, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 7 жоба 30 млн. теңгеге қаржыландырылса, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микро қаржылық ұйымы» ЖШС арқылы біршама іс-шаралар қолға алынды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба қайтарымсыз грантқа ие болса, облыстағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының «Бастамаларды қолдау» жобасы арқылы 1 жоба қаржыландырылды.
Инфрақұрылым игілігі
Ауылда ауыз су жүйесін жаңғырту, жол жөндеу, жарықтандыру секілді мәселелер назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда ауыз су күндіз-түні тұрақты берілуде. Ал, жаңа қоныстанған аумақ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қалалық құрылыс бөліміне ұсыныс берілді.
Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі де өз уақытымен шешілуде. Бұл бағытта облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға А.Иманов, «Наурыз» саяжайы көшесінің 7-ші көшесі, Н.Өткелбаев, Б.Жүсіпбеков, Қ.Иманбердиев, Ә.Құдабаев пен №1 және Ө.Құлманов көшелері ретке келтірілуде. Ал, ауыл кәсіпкерлері мен қалалық мәслихат депутаты А.Сүйінтаевтың демеушілігімен аталмыш Саяжай көшесінде 1 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы салынды. Келер жылы да біраз көше жөнделеді деп жоспарлануда.
– Осы жылы біраз іс атқарылды. Әлі де жасалатын жұмыс жетерлік. Соның бәрі тұрғындардың бірлігі мен толымды тірлігінің арқасында жүзеге асуда. Ауыл гүлденсе, халқымыз үшін зор қуаныш екені сөзсіз. «Ырыс алды – ынтымақ» дегендей, барша адам туған жерін түлетіп, оның дамуына атсалысуы керек, – деді М.Ақмырзаев.
Міне, Ақсуаттағы айшықты істерді көріп, халқының тыныс-тіршілігімен танысып, қазақтың бір берекелі ауылын көргендей сезіндік. Мұндағы ағайынның жағдайы қаладан кем емес.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.