АҚСУАТТАҒЫ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бас мақаласында «Туған жер» бағдарламасы арқылы ауылдардың гүлденіп-көркеюіне, қанатын кеңге жайып, қарыштап дамуына ерекше басымдық береді. Атамекенді қастерлеуге барлық іскер адамдарды, кәсіпкерлерді, отаншыл жастарды бірге атсалысуға шақырады.
Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатының арқасында бүгінде ауылдағы ағайындардың әл-ауқаты артып, шағын елді мекендер жандана түсуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесінде ауылдың тынысы кеңейіп, жан-жақты жаңарып түрленуге жол ашты. Ел игілігіне айналған бағдарламалардың арқасында шағын кәсіпкерлік қолға алынып, ауызсу мәселесі оң шешімін тапса, көшелерге орнатылған жарықтар ауыл ажарын аша түсіп, көркіне көрік қосып тұр.
Мұндай айшықты істерге толы – қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі. 7000-нан аса халқы бар елді мекенге Жақыпбек Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайы кіреді. Бүгінде білім саласы – басты назарда. Ақсуатта 2 мектеп бар. Онда 1423 оқушы білім алса, мектеп алды даярлық топтарында 179 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 1 мемлекеттік және 5 жеке балабақша жұмыс істейді. Қазіргі күні ауылдық округ бойынша балалардың 90 пайызы балабақшамен қамтылып отыр.
Аталмыш ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың айтуынша, мұндағы тұрғындардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенділігі жоғары. Ауылдық округте 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 92 жеке кәсіпкер мен 45 шаруа қожалығы жұмыс істесе, 5 шаруашылық бірігіп, «Атамекен Ақсуат» селолық өндірістік кооперативін құрып, 35 гектар жоңышқа егіп, мал шаруашылығымен де айналысуда.
Жеке кәсіпкер «Жаса Агро», «Азамат», «Жайлау» шаруа қожалықтары 15 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін ексе, «Алдан» және «Қайрат» шаруа қожалықтары бірігіп, 300 гектар жерге күріш дақылын егіп, тірлік етуде. Ақсуаттықтар мал шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру, бордақылау, ет, сүт бағытына ден қойып, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 68, жылқы 80 басқа көбейген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2013 жылдан бері «Жұмабай-Ерхан», «Табынбаев», «Сұңқар» «Азамат» және «Төлегенов» шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа алып, мүйізді ірі қара малын асылдандырумен айналысуда.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласынан алда келе жатқан ауылдың бірі – осы елді мекен. «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы ауыл тұрғындары «Бизнестің жол картасы-2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша несие алып, өз кәсібін жалғастыруда.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микро қаржылық ұйымы арқылы былтыр 2 кәсіпкер 6 млн. 500 мың теңге несие алып, отандық туризмді дамытып, өз үлесін қосуда. Оған қоса биыл жоғарыда аталған ұйымда 5 ауыл тұрғынының жобалары қаралып, қазіргі күні оның 4-уі 16 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бойынша «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі арқылы тігін цехын ашу мақсатында 1 жеке кәсіпкер 1 млн. 500 мың теңге несие алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыссыздарды жұмыспен қамту жүйесі де қарқын алуда. Бүгінде ауылда жұмыссыздық деңгейі 8 пайызды құрап отыр. Ақылы қоғамдық жұмысқа – 20, әлеуметтік жұмыс орындарына – 3, кәсіби оқу және қайта даярлау курсына – 4 адам жіберілді. Сонымен бірге, тұрақты жұмысқа орналасқаны – 57 адам болса, оның 21-і «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасына қатысты. Ал, жастар тәжірибесі бағдарламасына 4 жас маман қамтылды.
Ауылдағы игілікті істің бірі – инфрақұрылымы. Ақсуаттықтар көгілдір отынға қол жеткізуді армандайды. Ол бойынша облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізу мақсатында 106 млн. 543 мың теңге қаржы қаралып, құжаттары әзірленуде. Елді мекендегі ең өзекті мәселерінің бірі – ауылішілік жолдар. Осы бағытта облыстық бюджеттен 86,7 млн. теңге қаражат қаралып, Н.Өткелбаев, А.Иманов көшелерін асфальттау, Б.Жүсіпбек, Қ.Иманбердиев, Ә.Құдабаев, №1 көшелері мен Ө.Құлманов, А.Иманов көшелеріне тас төсеу жұмыстары қолға алынды. Дәл осындай тас төсеу демеушілер тарапынан Үміт Тоқмағанбетова көшесінде де жалғасуда.
Сонымен қатар, жаңа қоныстанған аумақтың күрделі және орташа жол жөндеуді қажет ететін 19 көшенің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Ал, ауылдың шыға беріс Бабаш Жөкенов, Өтек Құлманов және №8 көшелерін асфальттау мақсатында құжаттары әзірленіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтінім жолданды.
Ақсуаттықтар мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларға ауылдық округ тұрғындарын кеңінен тарту арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты ықпал жасауды басты мақсат етеді. Алдағы уақытта шамы жарқыраған, жолдары жөнделген, кәсіптері өркендеген, жан-жақты даму жолындағы ауыл қатарынан көрінбек.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.