ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСАМПАЗ ЖАСТАР
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстыратыны сөзсіз. Себебі, ел ертеңі – қашанда жасампаз жастардың қолында. Сондықтан ел болу жолында кейінгі буын өкілдерін ұлттық тәрбиеге баулып өсірудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыда сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қосып, жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұрпақ тәрбиелеу – тұтас қоғам алдындағы ортақ міндет. Елбасы бұл мәселеге айрықша мән беріп, оларға әрдайым жан-жақты қолдау білдіруді назардан тыс қалдырмай келеді. Кейінгі жылдары жастар саясаты ауқымында жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы – аталмыш қолдаудың бір көрінісі.Ел ертеңіне жасалған мұндай қамқорлық игілігін Сыр жастары да айрықша сезініп келеді. Өткен жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 679 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасыдан шыққан және күндізгі бөлімде білім алатын 3000-нан астам студентке қоғамдық көлікте қатынауға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Ал, қазіргі таңда 17 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Олардың қатарында қазіргі буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды нығайту мен патриоттық тәрбие беру, жұмыспен қамту, облыстық деңгейде өтетін мәдени іс-шаралар, өмірде қиын жағдайға ұшыраған жастарды қоғамдық ортаға бейімдеумен қатар өзге де бағыттағы жобалар бар.
Өңірде түрлі санаттағы жастардың тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылуына ықпал ету, екі қолға бір кәсіп таппай жүрген жастарға арналған тегін курстарды ұйымдастыру жоспарлы түрде қолға алынып келеді. Бұл мақсатта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ықпалымен өткен жылы 4 жоба жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп отыр. Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жастарды тарту жобасы аясында маусымдық кезеңде 1000-нан астам адам еңбек еткен. Олар облыс бойынша 250 гектар жерге күтім жасап, 10 гектар аумаққа тазарту жүргізді. Ал, оларды жасаққа қабылдау барысында ең алдымен жұмыссыз, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қыз-жігіттерге басымдық берілген. Былтыр еңбек маусымында көптеген мердігер мекемелерде 300-ге тарта жас нәпақа табуға мүмкіндік алған. Ал, олардың 64-і тұрақты еңбекке орналасқан. Айта кетейік, «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы 2013 жылдан бастап өңірде жемісті жұмыс жасауда. Бұл бастама «Жастар еңбек жасағының қызметін дамытуға әлеуметтік қызметті ұйымдастыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.Сонымен қатар, «Педагогикалық жасақтардың қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында аймақтағы жазғы тынығу лагерлерінде 40 тәлімгер еңбек көзін тапқан. Сөйтіп, бұл жоба олардың уақыттарын тиімді пайдаланумен қатар оқушылардың жазғы тынығу демалысын жоғары деңгейде өткізуіне ықпал етіп отыр. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқарма басшысының міндетін атқарушы Мая Тасқынбаева БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жылдық есеп қорытындысында осылай деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, аталмыш жобалардың мақсаты – соңғы буын өкілдерін тек қана кәсіпке баулу емес. Сонымен қатар бұл шара олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту, табиғатқа қамқорлықпен қарау, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға зор септігін тигізіп отыр.
Ал, «Go working» орталығы жұмысын ұйымдастыру әлеуметтік қызметі» сәтті жүзеге асырылғаннан бастап өз кәсібін ашуға ниет білдірген жандар қатары артқан. Аталған шара шеңберінде жұмыссыз жас буын өкілдеріне арналған компьютерлік, құқықтық сауаттылық, бухгалтерлік, ағылшын тілі және өзге де қызмет көрсету курстары тегін ұйымдастырылған. Нәтижесінде 100-ден астам жасқа сертификат табысталған.Сондай-ақ, соңғы жылдары аймақ жастары белсенділігі арта түскендігі қуантады. Әлемдік деңгейде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ақпараттық-насихаттық жұмыстарын ұйымдастыру аясында еріктілер бастамасымен 80-нен астам шара ұйымдастырылған. Көш-керуені, семинар-тренинг, оқыту курстары, дөңгелек үстел, қайырымдылық шараларымен қатар жас ақындар мүшайрасын өткізіп, көрерменге тағылымды дүниелерді ұсынуға үлес қосты. Сырдың шығармашыл жастарының өнерге деген құштарлығы да ерекше. Түрлі сайыстарда бақ сынап, байрақты бәсекелерде облыстың намысын қорғап жүрген жайы бар. Мәселен, өңірлік дельфийлік ойындарына биылдың өзінде 36 жас қатысуға мүмкіндік алған. Нәтижесінде халықтық орындау, декоративті-қолданбалы өнер, домбыра, фортепиано, ишара бойынша ән салу номинацияларынан оқ бойы озып шығып, халықаралық байқауға жолдама алды. Аймақтың осындай белсенді әрі білімді жастары қоғамның қай саласында болмасын жемісті еңбек етіп, еліміздің бекем болашағы үшін жұмыла атсалысып келеді. Себебі, олар зайырлы мемлекеттің тұтқасы жастарда екенін саналы түрде ұғынған.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.