ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЕРЕКШЕ

– «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жастарды тарту жобасы аясында маусымдық кезеңде 1000-нан астам адам еңбек етті. Олар облыс бойынша 250 гектар жерге күтім жасап, 10 гектар аумаққа тазарту жүргізді. Айта кетерлігі, оларды жасаққа қабылдау барысында ең алдымен жұмыссыз, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қыз-жігіттерге басымдық берілді. Былтыр еңбек маусымында көптеген мердігер мекемелерде 300-ге тарта жас нәпақа тапты. Олардың 64-і тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, «Педагогикалық жасақтардың қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында аймақтағы жазғы тынығу лагерлерінде 40 тәлімгер еңбек көзін тапты, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Ал, мұндай бағыттағы жобалардың мақсаты соңғы буын өкілдерін тек қана кәсіпке баулу емес. Сонымен қатар, бұл шара олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту, табиғатқа қамқорлықпен қарау, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға зор ықпал етіп отыр.
Сондай-ақ, «Go working» орталығы жұмысын ұйымдастыру әлеуметтік қызметі» жобасы да сәтті жүзеге асырылған. Аталған шара шеңберінде жұмыссыз жас буын өкілдеріне арналған компьютерлік, құқықтық сауаттылық, бухгалтерлік, ағылшын тілі және өзге де қызмет көрсету курстары тегін ұйымдастырылған. Нәтижесінде 100-ден астам жасқа сертификаттар табысталған.Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, дивиантты мінез құлықты, жазасын өтеп шыққан жастардың қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету мен олардың қарым-қатынас ахуалын анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жұмыс берушілер кеңесін ұйымдастыру мақсатында қоғамдық қабылдаулардың жиі қолға алынуы да өзінің оң ықпалын тигізіп отыр. Сала маманының сөзінше, осындай тиімді шаралардың негізінде өз кәсібін ашуға ниет білдірген жандар қатары артқан. Ал, биыл дарияның сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа қаладан жастарға қызмет көрсету орталығы ашылмақ.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.