Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЛАТЫНҒА КӨШУ – БОЛАШАҚ ТАҢДАУЫ

ЛАТЫНҒА КӨШУ – БОЛАШАҚ ТАҢДАУЫ

  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Мұнда білім берудің жаңа сапасы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеру және латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болған.
Біріншіден, орта білім беру саласы жаңартылған мазмұнға көшіп жатыр, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Қазірдің өзінде мектепке жаңа бағдарламалар, оқулықтар келіп білім беру үдерісіне енгізілуде. Әрине, бұл –білім беру саласындағы дұрыс шешім, оң қадам. Мұндай жаңалықтар елімізде қазақ тілін ана тілі ретінде және мемлекеттік тіл ретінде меңгерту мен қолданудың мәселесін шешіп, оны дамытуға өз ықпалын тигізуі тиіс. Қазақ тілін оқу тілі, ана тілі ретінде меңгертіп, лингвистикалық білім берсе, екіншісі – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тіліндегі тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруды, меңгертуді көздейтін әдістемеге ерекше назар аударып, қайта қарауымыз қажет.
Екіншіден, Елбасы Жолдауында: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деп атап көрсетеді. Мен бұған толық қосыламын. Шынымен де қазақ тілі қазір жөн-жосықсыз аударылған сөздер мен терминдерге толып кетті. Соның салдарынан ешкімге түсініксіз мәтіндер пайда болды. Бұлар қазақ тілін ешкімге керексіз, икемсіз, жарамсыз тілге айналдыруда. Елбасы Жолдауында айтқандай әлемде қалыптасқан терминдерге балама табуға тырысушылық белең алуда. Бұл үдерісте барлық жаңа қолданыстар сәтті шығып жатыр деуге болмайды, кейбіреулері шынымен де күлкіңді келтіреді. Меніңше, бұл бағытта А.Байтұрсынов ұстанған қағидатты, яғни кірме сөздерді бұрынғы қалыбында емес, тіл заңдылығына қарай «бұзып алған» түрлерін қолдану қажет. Өйткені өзіміздің және өзге тілдер тәжірибесінде тілдің жаңарып жетілуіне үлес қосатындар – осындай кірме сөздер. Бұл жөнінде белгілі ғалым Р.Сыздықова «...бұдан жүз жылдан астам бұрын қазақ тіліне еніп, қолданыста әбден дағдыға айналған кірме сөздерді енді қайтадан қазақшалап, жасанды сөздермен білдіру тіл үшін де, ол тілдің иелері үшін де оңтайлы емес, өйткені тіл тіршілігінде дағды факторының орны ерекше, онымен қай тіл болса да санаспай отыра алмайды, себебі тіл – қалың жұртшылықтың, бүкіл халықтың құзырындағы дүние» деді
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу туралы саяси шешімнің мәні мен маңыздылығы, тиімділігі мен қажеттілігі туралы барша жұрт түсінді, қанықты. Сондықтан еліміздің латын графикасына көшетіндігінде дау жоқ. Әйтсе де, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі әлі де жетілдіруді, толықтыруды қажет етеді. Оны қолданудың емле ережесі де жасалу үстінде. Осы орайда айта кететін бір жайт, біз көшетін әліпбиде тек қазақ тілі дыбыстары ғана таңбаланып, кірме, жат дыбыстар түгел алынып тасталуы керек. Қазақ жазуы қазаққа қызмет ететін мүлтіксіз әліпби болуы тиіс. Ол үшін оның емле ережесі де тіл заңдылығына сәйкес жасалуы керек. Өйткені әліпби ауыстыру тек тіл дыбыстарына таңба беріп қана қою емес, ол жалпы тілдік сананы, сол арқылы тұтастай ұлт дамуын қамтитын, қоғамдық өзгерістерді алып келетін күрделі де кешенді үдеріс. Әліпби ауыстыру нәтижесі бүгін белгілі болатын реформа емес, ол – жемісі кейін белгілі болатын болашаққа жоспарланған дүние. Сондықтан бүгінгі аға ұрпаққа бұл реформаның өз қиындықтары мен ауыртпалықтары болады. Біз оған түсіністікпен барша халықтық қолдау көрсетуіміз керек.

Аман АБАСИЛОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты.

16 қаңтар 2018 ж. 2 048 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам