Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІК АЛЬФИЯ

ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІК АЛЬФИЯ

  Аймағымыз ғылымның күрделі саласын игерген, мықты мамандардан кенде емес. Облыста жыл сайын Асқар Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математик» байқауы өткізіледі.
Білім бәсекесі биыл бесінші мәрте ұйымдастырылды. Байқауда қаншама ұстаздар, оқушылар мен студенттер үздік деп танылды. Солардың бірі – қаладағы И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Альфия Шайхутдинова. Жас маман бұл білім ошағына студент кезде тәжірибе алу мақсатында келген. Сол кезден-ақ тиянақты, өз ісіне жауапты әрі есепке жүйріктігімен көпшілік көзіне түскен. Соның нәтижесінде 4 курста осы ұжымда еңбек жолын бастады. Оқу мен қызметте қатар жүріп, тәжірибесін арттырды.
– Мен алғашқыда Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға химия мамандығы бойынша оқуға түстім. Бірақ, онда бір семестр ғана білім алдым. Сөйтіп, қайта кешенді тест тапсырып, осы оқу орнының физика-математика факультетіне грантқа оқуға қабылдандым. Есепке қызығушылығым бала кезден қалыптасқан. Оған анамның математика пәнінен сабақ беруі де әсер еткен шығар. Әулетімізде ұстаздық жолды жалғастырған үшінші буынмын. Бұл бағытта жұмыс жасаған өзіме ұнайды. Әрине, бас ұстазым – анам жанымда. Шәкірт тәрбиелеу ісінде сол кісінің ақыл-кеңесіне, бағыт-бағдарына жүгінемін, – дейді Альфия бізбен әңгімесінде.
Бала кезінен анасының ұстаздық өнегесін бойына сіңіріп өскен кейіпкеріміз оны бүгінде өз тәжірибесімен ұштастырып келеді. Мектепте 7 сыныпқа жетекшілік ететін Альфия өрендердің әртүрлі ұлт өкілдерінен құралғанын айтады. Әрқайсымен тіл табысу үшін олармен жеке сөйлесіп, психологиясын тануға тырысады. Оқушылар арасында кейде өкпе-реніш болады. Сол сәтте Альфия алдымен олардың досы болуды көздейді. Сабақ барысында қатал болуға тура келсе, одан тыс кезде еркін сөйлесіп, жақын тартады. Оларды жіті тыңдап, барынша қолдау көрсетеді.
– Есепке жүйрік болудан еш ұтылмаймыз. Ғылым жолын қумасаң да математиканы білуің шарт. Себебі өмірдің өзі есептен құралған. Мен мақсат қойып, соған жету үшін әр қадамды нақтылап отырғанды ұнатамын. Шәкірттерімнен соны талап етемін. Нақты іске дағдыланғаны дұрыс. Құдайға шүкір, олардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Олар үнемі халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейдегі байқауларда жүлделі орынды иеленеді. Жыл сайын өткізілетін ғылыми конференция, мектепаралық олимпиадаларда мектебіміздің мерейін үстем етіп жүргендерін мақтанышпен айтамын, – дейді жас маман.
Кейіпкеріміз – жас та болса өзінің мықтылығын, біліктілігін дәлелдеп жүрген маман. Мәселен, өткен жылы қала бойынша «Үздік математика пәні мұғалімі-2017» атанды. Одан бөлек «Білім беру ісінің майталманы» медалімен, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының сертификатымен марапатталды. Асқар Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математик» байқауының жеңімпазы, КИО олимпиадасының 3 жыл қатарынан 1-орын иегері. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене араласатын ол – Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы жастар қанаты төрағасының орынбасары болып қосымша қызмет атқарады.

Айдана САЙДУЛЛА.





29 қаңтар 2018 ж. 1 851 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам