ҮЗДІК МАТЕМАТИК ӨРЕНДЕР
Бүгінде білекті бірді, білімді мыңды жығатын заман. Күн санап қарыштаған жаһандық әлемде елдің қуаты – білім мен ғылым арқылы өлшенеді. «Ақыл – жастан» дейтін халқымыз қай кезде де көзі ашық көкірегі ояу жастарға зор сенім артқан. Қаладағы дарынды балаларға арналған №2 «Мұрагер» мектебінің 9-11 сынып оқушылары Мұхамеджан Тоқшылықов пен Руслан Төлекті сол сенімнің үдесінен шығып жүрген өрендер десек артық болмас.
Баланың қалыптасуы жолында алған тәлім-тәрбиесі мен өнегесі маңызды рөлге ие. Ал, оның іргесі мектеп қабырғасынан қаланатынын ескерсек, бұл руханият ордасынан талай жастың қанаты қатайып, түлеп ұшты. Бүгінде олар өз жолын тауып, еліміздің белді оқу орындарында білім алуда.
Ал, біздің кейіпкерлеріміз аталмыш білім ордасының үлгілі де – үздік оқушылары. Ұстаздары олардың болашағынан зор үміт күтеді. Еліміздегі ғылымның дамуына өзіндік үлесін қосар озат ойлы азамат боларына сенімді. Екеуі де математика пәнінен мектеп беделін арттырып жүр. Бұл пәнге деген қызығушылығын байқаған ұстаздары олардың білімін жетілдіру жолында тынымсыз тер төкті. Нәтижесі де көңіл қуантарлық.
Жуырда қалада А.Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математиктер» байқауы ұйымдастырылды. Онда айтулы білім ошақтарынан келген 70-ке жуық жас бақ сынады. Олардың ішінен ең мықты деген 10 жас математикке қала әкімі тағайындаған 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бұл игі бастаманың мақсаты – жастарды ынталандыру, әрі ғылымның қиын саласына деген қызығушылықты арттыру.
– Аталмыш сайысқа биыл екінші мәрте қатыстым. Былтыр екі кезеңнен тұратын байқаудың І-кезеңінен 2-орынды иелендім. Ал, осы жылы 11 сынып оқушылары арасынан үздік шықтым. Бұған ынталандыру сыйлығы ретінде берілетін 100 мың теңге сыйақының да өз әсері болғанын жасырмаймын. Оған қоса өзімнің сүйікті пәнімді тереңірек ұғынуға бұл сайыстың берері мол болды. Бұдан өзге халықаралық «Азия-Тынық мұхиты» және «Жібек жолы» олимпиадасында бағымды сынадым. Бұл ретте пән ұстазы Людмила Егайға айтар алғысым зор, – дейді Руслан бізбен әңгімесінде.
Ал, аталмыш білім ордасының 9 сынып оқушысы Мұхамеджан бұл байқауда алғаш рет бақ сынаған. Бұған дейін қалалық деңгейдегі олимпиададан биік белесті бағындырып жүрген өрен. Өзінің айтуынша, математика пәнінен сабақ беретін Татьяна Владимирқызы оқушысының пәнге деген ерекше ықыласын көріп, оны осы бағытта жетілдірген. Сол еңбегінің жемісін бүгінде Мұхамеджан жеңісімен қайтарды.
Үздік жас математик атанған Руслан мен Мұхамеджанды тек осы пәннің үздігі деуге болмайды. Себебі, олар оқудан бөлек салауатты өмір салтын қалыптастырған спортшы жастар. Мәселен, Руслан бос уақытында баскетбол, велоспортпен айналысқанды жақсы көреді. Жуырда ғана облыста өткен бәсекеде ол бастаған баскетболшылар І-орынды иеленді. Оған қоса музыка саласына да қызығушылығы жоғары. Ал, Мұхамеджан болса самбо күресімен айналысады. Оның бұл бағытта жеткен жетістіктері мен алған жүлделерін жіпке тізу мүмкін емес.
Ұстаздарының тәлім-тәрбиесі мен берген білімін ұштастыра білген «Мұрагер» мектебінің үздік математиктері өз кезегінде оқушыларының биіктен көрінуі үшін барынша қолдау көрсететін мектеп басшылығына, ұжымға, сынып жетекшілеріне зор алғыстарын білдірді. Бәсекеге қабілетті, дарынды жастарға жол аша білген руханият ордасында білім алғандарына қуанышты екендерін жеткізді.
Айдана СЕЙІЛ.