САЛАНЫҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ
Осы аптада А.Тоқмағамбетов атындағы рухани ордасында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда саланың атқарған жұмысы, алдағы жоспары сараланды.
Бүгінде облыс орталығында барлығы 12 мәдениет үйі мен клуб кәсіпорны халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Былтыр жергілікті бюджеттен біршама қаржы бөлініп, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйіне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар, мәдени шараға қажетті заттар мен өнерпаздарға киімдер тіктірілді.
Одан соң қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның директоры Эльмира Қанатбаева клуб кәсіпорындарының ақылы қызмет орындау көрсеткішіне тоқталды. Жиын барысында Мира Қазбекова осы жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, өткен жылғы істі атап өтті. Аталмыш сала бойынша шешуді қажет ететін мәселелерді баяндап берді.
Сондай-ақ, мәжілісте жастар театрының жетекшісі Оңталап Нұрмаханов, композитор Рамазан Тайманов мәдениет саласына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде ауылдық округтің мәдени орталықтарының, кітапхана жұмысын жандандыру қажеттігі, сахнаны жарықтандыру, жаңа аппарат алу назардан тыс қалмады.
Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов алдағы уақытта атқарылатын жаңа бастамалар көп екенін жеткізді. Атап айтқанда, хор, қобыз үйірмелерін ашу, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жобаны қол алу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, биыл Астананың 20, Қызылорданың 200 жылдығына орай көптеген шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соған орай бөлім басшысы М.Қазбекова барша өнер қауымын Сыр мәдениетін өркендетуде аянбай еңбек етуге шақырды.
Ал, алқа соңында қала әкімінің орынбасары сала жұмысына өз бағасын беріп, алдағы міндеттерді нақтылады.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.