Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖЫЛУЫ ТАС ЖҮРЕКТІ ТЕБІРЕНТЕР

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖЫЛУЫ ТАС ЖҮРЕКТІ ТЕБІРЕНТЕР

  Көктем – адам жанына шуақ сыйлайтын мезгіл. Ал, Наурыз – қазақ халқының мерекелі, берекелі айы. Соңғы жылдары көктемнің алғашқы күні, 1 наурыз – алғыс айту мерекесі ретінде тойланып келеді.
«Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың» демекші жүрек түкпіріндегі ізгі сезімді сөзбен жеткізу – қазақ үшін ізеттіліктің биік шыңы. Себебі, бауырмалдық, кішіпейілдік, қонақжайлық деген ұғымдар адамдар арасында үлкен мәнге ие. Сондай-ақ, олар қарым-қатынастың берік орнауына мол әсерін тигізеді. Жақсы сөз – жан азығы. Сондықтан айналаңа жылылық нұрын себу, мына бес күн жалғанда бір-бірімен сыйласып өту – басты міндет. Себебі, бәрі де сыйлағанның құлы.
Қарап отырсаңыз, ата-бабамыздың тапқырлығы мен шешендігіне қайран қаласың. Олардың кешегі айтқан әрбір тәмсілдері бүгінгі күнге дөп келеді. Мәселен, «Асыңа тойғызбасаң да, ақ ниетіңе тойғыз» деген тағылымды сөзінде үлкен мән бар. Расында, қашанда шын пейілден ақтарыла шыққан ризашылық лебізін білдіретін рақмет сөзі әрбір адамның жанын жадыратады.
Елбасы бастамасымен оның атаулы күн ретінде мерекелік мәртебесі айқындалды. Ассамблея құрылған 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланды. Ұлт татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін бұл ерекше мейрам ел арасында үлкен қолдау тапты. Достықты одан әрі нығайтатын бұл шараның дәл осылай аталуы тектен-тек емес. Сонау патша империясы тұсынан біздің даламызға сан түрлі ұлттар келді. Олардың қазақ жеріне қадам басуының өз тарихы бар. Сол кезеңде күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру саясатының салдарынан өзге ұлт өкілдері біздің елімізге табан тіреді. Ал, үнемі ақеден көңілмен қонақжайлық танытатын көпшіл халқымыз көмек сұрай келген жандардың өзегінен теппей, жанашырлық танытты. Асып-тасып жатқан тұрмысы болмаса да, бауырмалдық қасиетпен берекелі ғұмыр кешті.
Тілі басқа болғанымен тілегі бір өзге ұлт өкілдері Қазақ елінің көрсеткен қамқорлығының арқасында бір-бірімен ағайын секілді сіңісіп кетті. Қиын-қыстау заманда туысқанындай бауырына тартқан қазақтың ақжарқын көңілі үшін олардың айтар алғысы шексіз. Бүгінде этно-мәдени бірлестіктің әрбір мүшесі Қазақстанды өз Отаным деп санап, оның өсіп-өркендеу жолына атсалысып келеді. Сондай-ақ, басым көпшілігі тілімізді, мәдениетіміз бен әдебиетімізді еркін меңгеріп, әлемдік аренада өз орнын айқындауға үлес қосуда. Мұның өзі көп ұлтты мемлекеттің айрандай ұйысқан ауызбірлігін, мызғымас татулығының биік үлгісін көрсетіп тұрғандай.
Қазіргі кезде ел Тәуелсіздігінің жетістік пен өрлеуге толы 27 жылы бір мүддеге біріккен халықтың даму жолында биікке самғай алатынын дәлелдеді. Тарихи түрлі себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностардың біртұтас ел идеясы төңірегіне достық ниетпен топтасуы мемлекеттің өркендеуге деген күшін арттыра түсті. Айтулы мереке ең алдымен, еліміздің тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болды. Ол – түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті мекеніміз бен қонақжай қазақ халқына көрсеткен шексіз құрмет десек артық айтқандық емес. Себебі, біздің текті бабаларымыз қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Ал, бұл мейрам бүгінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондықтан алғыс айту күнінің құндылығы жыл өткен сайын артып келеді. Сонымен қатар, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні ретінде де бағасы жоғары. Жүзі бөлек, жүрегі бір жандардың бейбіт күнде бір шаңырақ, бір аспан астында береке-бірлікпен өнегелі өмір сүруі көңілге үлкен қуаныш ұялатары сөзсіз.
Тәуелсіздік алған жылдары ел халқы қанша қиындықты бастан кешірсе де, биік парасат пен ұстамдылық көрсетіп, ішкі алауыздық пен ұлтаралық тартыс туғызатын жағдайларға жол бермеді. Талай тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолында абыройлы мемлекетке айналды.
Кең байтақ жерімізді мекендеген барлық этнос өкілдері татулығының, бірлігінің сыры бабаларымыздың кең, ақжарқын пейілінің арқасы. «Жақсы сөз жан семіртеді» демекші алғыс айту, бір-біріне ризашылық білдіру – біздің ежелден келе жатқан қанымызда бар асыл қасиет. Қашанда кішіпейілділік танытып, өзара ізгі лебіз арнау мұсылмандық парыз. Текті халқымыздың адамға деген мейірімі ешқашан жоғалған емес. Қазірде жәрдем сұрай келген жанның кеудесінен итеріп, қолын қайтармайды. Сондықтан да біз үшін алғыс ұғымының құны қай кезде де төмендемейді.
Алғыс айту – Мәңгілік елдің ұлттық біртұтас идеясы. Мұның астарында – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың ынтымағы, береке-бірлігі жатыр. Бұл мереке әлем елдерінде де тойланады. Атап айтсақ, АҚШ және Канада халықтары алғыс айту күнін қараша айының әрбір төртінші аптасында атап өтетін көрінеді. Атаулы мейрам ол жақта алғаш рет 1621 жылы бастау алған. Олар қыс мезгілінен аман-есен шыққандарына мәз-мейрам болып, дәл осы мерекені тойлаған.
Қазақ «Қарғыс алма, алғыс ал» деген тәмсілді берік ұстанды. Халқының қашанда адамгершіліктің ақ туын жоғары көтеріп, жасаған жақсылығының өтеуін сұрамайды. Мұның өзі халқымыздың өзгелерге ұқсамайтын тектілігінің биік үлгісін көрсетсе керек. Себебі, өзара жарастықтың астарында тұтас мемлекеттің баянды болашағы тұрғандығын айқын сезінді.
Расында, халық бірлігі – мемлекеттілік негізі, тәуелсіздіктің тірегі, кемел келешектің кепілі. Өйткені, қоғамдық бірлікті нығайту арқылы ғана біз алдымызға, бағыты бекем болашаққа бет бұрамыз. Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұратынын ескерсек, ең асыл қазынамыз – өзара татулықтың туын төмен жықпай, бейбіт ғұмыр кешкеннен асқан байлық жоқ екенін түсінгеніміз абзал. Ал, оған жету жолы бір-бірімізге мейірбан жүрекпен алғыс айтудан басталады.
Міне, көктемнің алғашқы күні келді. Наурыз айы басталды. Самарқанның көк тасы еритін күн жақын. Өкпеміз болса, ренішіміз болса, бір-бірімізді кешіре білейік. Кешірімді болайық. Тек жақсыны ғана көре білейік. Себебі, жақсылық ойлаған адамға жақсылық жолығады. Барымызды бағалайық. Алғыс айтайық.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
27 ақпан 2018 ж. 2 400 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам