Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАРЫСҚАЗАН

ЖАРЫСҚАЗАН

  Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – әр ұлттың айнасы. Сондай-ақ, олар – елдің бар болмысын айшықтайтын қасиетті құндылықтар. «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан салттарымыз да жетерлік. Көненің көзіндей болған асыл дүниелерді жаңаша түрлендіріп жүрген жағдайлар да кездеседі. Олардың барлығы қазақ халқының тереңге жайылған тарихынан, ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.
Түсіне білген жанға мақал-мәтелдер, жөн-жоралғылар, ырым-тыйымдардың астарында үлкен мән жатыр. Сол тәмсілдер құдды бір бүгінгі күнге арналып айтылғандай. Басым көпшілігі қазіргі күнгі біздің әрекетімізге сай келеді. Дегенмен, ел жадынан жоғалып бара жатқан көне дәстүрлер де қаншама. Солардың бірі – жарысқазан.
Бұл ғұрып аяғы ауыр келіншектің толғағы басталған кезде жасалады. Осы күні енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек дүниеге келсін деген ырыммен жарысқазан береді. Қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазады. Бұл жоралғы келіннің тезірек босануын тілеумен байланысады. Оны әрбір өңір сан түрлі өткізген. Сондай-ақ, мерзімінен бұрын босанып қалмас үшін жүкті әйелдің етегін бүріп қойған. Сәби дүниеге келгеннен кейін ғана бүрілген етектің жібі алынған. Мұның барлығы жарысқазан дәстүріне жатады.
Сонымен қатар, келіншек босана алмай қиналып, толғақ ұзаққа созылып кетсе, ошақ басында жүрген әйелдер қазанға пышақты жанып, «Қара қазан бұрын пісе ме?» Қара қатын бұрын туа ма?» деп дауыстап айтқан. Сөйтіп, еттің пісуі мен толғақты жарыстырған. Ал, келіншек аман-есен қол-аяғын бауырына алса, жұртшылық жиылып, босанған келіннің қалжасынан дәм татқан. Алайда, соңғы жылдары мұндай дәстүрді орындаудың ауылы алыстап бара жатқандай. Тіпті, біз ес білгелі бұл дәстүрлерді көрген жоқпыз.
– Ертеректе әйелдердің барлығы үйде босанды. Ауылдағы тәжірибелі кейуаналар қаншама сәбидің кіндік шешесі атанды. Оның арасында өзіміз де бармыз. Сол кездері қанша баланы өмірге әкелсек те ауру-сырқауды білмейтін едік. Содан да шығар, алтын құрсақты, батыр аналардың қуатты келетіні. Мәселен, кешегі күнге дейін әрбір шаңырақта кем дегенде 10 баладан болды. Қазіргілер әрі кетсе 3-ден асырмайды. Дегенмен, бүгінде оларға барлық жағдай қарастырылған. Ал, ол кездері баланың жаялығын жуудың өзі бір жұмыс. Мен 15 жасымда үлкен отбасына келін болып түстім. Он екі баланы дүниеге әкелдім. Олардың барлығын да үйде босандым. Сонда енем ауыл кемпірлерін жинап, жарысқазан дәстүрін өткізетін. Расында, жыл өткен сайын бұл ғұрып ұмытылып барады. Тіпті, қазір мұндай қолданыста жоқ. Ара-тұра бұл жайында немерелеріме айтып отырамын. Ал, қыздарым мен келіндерімді толғақ қысып, босануға кеткенде қазанға бірден ет саламын. Сөйтіп, отбасымның басын қосып, бала-шағамды көріп, бір марқайып қаламыз. Бүгінде бұл дәстүрді келіндерімнің өздері орындап жүр. Өйткені, мен енемнен көрген-білгенімді соларға үйреттім. Қазір олар өздерінен кейінгілерге үлгі болуда. Қашаннан қазақ – ырымшыл халық қой. Мұны орындасақ, толғақ жеңіл болатындай көрінеді. Сондықтан бұл дәстүрді ұмытпай, қашанда ұлықтап отырамыз, – деді көп балалы ана Мырзакүл Әлшоразова.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

08 қаңтар 2018 ж. 2 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам