ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СМАРТФОНҒА АРНАЛҒАН ӘЙНЕКТЕР ШЫҒАРЫЛАДЫ – КӨШЕРБАЕВ
Қызылорда өңірінде смартфондар мен планшеттерге арналған әйнектер шығаратын зауыт салынады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Әйнек зауытының құрылысы наурызда аяқталады. 1 шілдеден бастап зауыт өнім шығаруды бастайды. Сонымен қатар, біз ендігі жылдан бастап осы зауыттың жанында смартфондар мен планшеттерге арналған әйнек (дисплей - автор) шығаратын зауыттың құрылысын бастаймыз. Бұл зауытта гаджеттерге арналған әйнектер шығады», - деді Қырымбек Көшербаев.
«Orda Glass» зауытының директоры Ержан Сағынбаев құрылысқа қажетті қаржыны қытайлық «Чайна триумф» компаниясы бөлетінін айтты.
«Мұндай зауыт әлемде тек екі жерде ғана бар. Оның бірі Қытайда орналасқан. Бұл олардың жаңа өнімі. Шығарылатын әйнек өте жұқа және мөлдір болады. Әйнектің жуандығы – 150 микрон. Біздің әйнегімізді Nokia, Apple компанияларының планшеттері пайдалана алады», - деді «Orda Glass» директоры.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Ақтауда планшеттер мен плазмалық теледидар шығаратын зауыт іске қосылды. Алайда 2013 жылы зауыт төңірегінде дау шығып, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді.