ШЫНЫ ЗАУЫТЫ – ӘЛЕМДІК РЫНОКҚА ЖОЛ
Мемлекет басшысы айқын басымдық беріп отырған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мейлінше нәтижелі жүзеге асыруға күш салынуда. Сырдың бас қаласы – Қызылордада аталмыш бағдарлама аясында жасалып жатқан игі шаралар жетерлік. Соның бірі – шаһарда көптен күткен шыны шығару және өңдеу зауытының құрылысы.
Нысанға құрал-жабдықтар келе бастады. Бұл өндіріс Титов мөлтек ауданында орналасқан индустриялдық аймақта бой көтеруде. Алдымен осы аймақтан аталған зауытқа арнайылап 50 гектар жер бөлінген. Бұған қоса, оған бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Осылайша, соңғы бірнеше жылдан бері аталған аймақта өндіріске қажетті инфрақұрылымдар жасақталды.
Зауыт жылына 197 мың тоннадан астам табақша шыны шығармақ. Шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы жергілікті жерден алынады. Яғни, Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Тек сырттан келетін кальцийлендірілген сода шикізатын болашақта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып өңірімізде өндіру жоспарлануда.
Серпінді жобалардың бірі – шыны зауытында осы күнде бірталай жұмысы атқарылды. Біртіндеп тапсырыс берген құрылғылары келіп жатыр. Осы күнге дейін құрылысқа 200-ге жуық адам мен 30-дан астам техника жұмылдырылған. Оларға бар жағдай жасалған. Дайын өнім қоймасына қажетті металлоконструкция толық көлемде алынып, монтаждау жұмыстары толыққанды жүргізілген.
Бүгінде зауыт бой көтеретін аумақ қызу құрылыс алаңына айналды. Мұндағы 500 орындық вахталық қалашық алыстан көзге түседі. Маманның айтуынша, 25 вагоннан тұратын қалашықтың 18-і жұмысшыларға арналған тұрғын үй. Өзгелері кеңсе, асхана және монша. Жыл бедерінде зауыт алаңына уақытша қоршау орнатылып, 25 гектар жердің беткі қабатын өсімдіктерден тазалау және тегістеу жұмыстары жасалған. Дайын өнім қоймасының ұзындығы 300 метр, ені 150 метрді құрайды. Қазір осы дайын өнім қоймасының іргетасын құю және гидроизоляциялау аяқталған.
Бүгінде АҚШ, Италия, Финляндия, Қытай секілді әлемнің жетекші елдерінен қондырғылардың басым бөлігі жеткізілді. Қазіргі уақытта металлоконструкциясын жинау басталды. Биыл мамырда Мемлекет басшыларының Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумында кездесу аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass ltd» ЖШС арасында шыны зауытының құрылысын аяқтау жөніндегі меморандумға қол қойылғандығы да белгілі.
Демек, құрылыс-монтаж жұмыстары таяу арада аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Бастысы, шыны өндірісіне қажетті барлық шикізат шығып отыр. Сырттан әкелінетін тек кальцийлендірілген сода болатын. Оны да болашақта «Арал тұз» кәсіпорны шығарады деп көзделуде.
Экспорттық әлеуеті жоғары, сапалы өнім шығаратын зауыттың бас-ты ерекшелігі – энергия үнемдейтін өнім өндіретіндігінде. Оған қажетті шикізат қорының басым бөлігі өңірімізде жеткілікті. Демек, Сыр бойының шынысы сау¬¬да нарығында жергілікті сапасымен ерекшеленетін болады.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.