ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС БЕЛСЕНДІЛІГІ ЕРЕКШЕ
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 99-шы қадамына сәйкес өткен жылдан бастап, Қызылорда қалалық қоғамдық кеңес жұмыс жасап келеді. Бүгінде кеңес көптеген іс-шараларды атқаруға ұйтқы болды.
Оның құрамы 17 мүшеден тұрады. Кеңес құрамында қала әкімі аппаратының дербес бөлімдері, еңбек ардагерлері, партия, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері, ардагерлер кеңесі және жастар ұйымдарынан қамтылған.
Биыл қаңтарда қалалық қоғамдық кеңес құрамы бекітілді. Оның төрағасы болып Серік Дүйсенбаев сайланды.
Төрағаның айтуынша, кеңес 3 салалық комиссиядан құралған. Олар: экономика, қаржы және жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, инвестиция және инновациялық даму мәселелері бағытында жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауылшаруашылық және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия бар.
– Кеңес қызметіне келсек, басты мақсат – қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша халықтың пікірін білдіру болып табылады. Яғни, кеңес түрлі мәселелерге қатысты қоғамның пікірін билік органдарына жеткізеді. Олар өз кезегінде ондай ұсынымдарды қарауға міндетті, – деді С.Дүйсенбаев.
Бүгінгі күнге дейін қалалық қоғамдық кеңестің 43 отырысы өткізіліп, 86 мәселе қаралды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнайы Үндеуі талқыланды. Онда Үкімет пен Парламент қызметінің кәсібилігін арттырып, тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндігі жөнінде айтылды.
Жыл басында қоғамдық кеңес алдында 2016 жылы атқарылған іс-шаралар мен 2017 жылға міндеттер туралы қала әкімі Н.Нәлібаевтың есебі тыңдалды.
Оған қоса қоғамдық кеңес мүшелерімен әртүрлі бағыттарда рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Айталық, облыс әкімімен бекітілген екі айлық тазалық-санитарлық айлығына байланысты тазалық барысы таразыланды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиімді қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыру мақсатында қалалық қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері көмекке мұқтаж азаматтар мен көлік жүргізушілері арасында рейд өткізді. Талапқа сай жұмыс жасамай отырған жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан тыс қалған жоқ.
Рейд барысында бірнеше қоғамдық көліктерге ескерту беріліп, бағыттан уақытша босатылды. Қаладағы денсаулық сақтау саласы мекемелерінің жұмысына талдау жұмыстары жасалды. Жалпы, қоғамдық кеңестегі әрбір мәселе назардан тыс қалмайды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.