КӘСІПКЕРЛЕР ӨҢІРЛІК КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ КОМИТЕТТЕРДЕ ЖОБАЛАРЫН ҚОРҒАЙ АЛАДЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі экономиканың маңызды секторы кәсіпкерлікті өсіру, өркендету және нығайту мақсатында жұмыс жасайды.
Өңірлік кеңес палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдесуде.
Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Кеңес құрылымы бірнеше салалық комитеттерге бөлінді. Атап айтқанда, бүгінде Өңірлік кеңесте шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені, құқықтық қорғау, адами капиталды дамыту, экономикалық бағытты (мемлекеттік-жеке әріптестік, инвестицияларды тарту, т.б.) қамтитын 5 комитет жұмыс жасайды. Кәсіпкерлер аталмыш комитеттерде салаға қатысты мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын талқылай алады.
Мәселен, жақында Агроөнеркәсіп кешені комитетінің алғашқы отырысы өтіп, онда кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріковтің жобасы талқыланды.
Отырысқа Өңірлік кеңес мүшесі, комитет төрағасы Асхат Сүлейменов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов, «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Бақытжан Әбиев, «ҚазАгроКепіл» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Имат Қуанышев, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС директоры Самат Ерниязов, «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері және шаруа қожалықтары Одағы» Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар қауымдастығының төрағасы Жорабек Прманов, Қауымдстықтың атқарушы директоры Ерлан Молдраимов және «Алтын-қазан» ЖК басшысы Ерұлан Өмірсеріков қатысты.
«Алтын-қазан» ЖК отырысқа «Сиыр етін және сүтін өндіру» жобасын ұсынды. Комитет отырысына қатысушылар жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталып, өміршең болатындығына сенім білдірді. Дегенмен, мемлекеттік қолдау түрлерін кеңінен пайдалану мүмкіндігі болуы үшін әлі де толықтыру қажеттігін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жобаның жаңа үлгісін Комитетке қайта тапсыру ұсынылды.