ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АҚШАСЫН ҚАЙТАРДЫ
«Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алу процесі аясында жасалған келісім-шарттар бойынша «Қызылордажылуэлектрорталығы» ШЖҚ МКК-нан көрсетілген қызметтер бойынша ақшаларын ала алмай жүрген 10-ға жуық кәсіпкерден арыз түскен болатын. Мәселенің мән-жайын білмек болып Қызылорда жылу электр орталығына сұраныс жолдадық», - дейді Аида Қаюпова.
ЖК «Аян және К», ЖК «Бекенбай», ЖК «Изтлеуова Б», ЖК «Омахтаев Д», ЖК «Курманов Нұрғиса», «СТАЛЛИТ» жшс, «Сұңқар Бизнес» ЖШС, «Орда люкс» ЖШС-тері мемлекеттік сатып алу бойынша Жылу орталығының тауарлар мен қызметтерге жариялаған байқауларына қатысып, жеңген лоттары бойынша келісім-шарттарға қол қояды. Шарт бойынша аталмыш кәсіпкерлер Орталыққа қажетті түрлі құрал-жабдықтарды жеткізіп беруге міндеттеледі және кәсіпкерлер тапсырысты мерзімінде орындайды. Алайда тапсырыс беруші, яғни Жылу орталығы шарт бойынша алыс-беріс актілеріне қол қойылғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге міндетті болғанына қарамастан талап уақытылы орындалмайды.
Кәсіпкерлерден түскен арыздан кейін Палата заңгерлері Жылу орталығынан келісім-шарт бойынша көзделген қаржының уақытылы төленбеу себебін, нақты төлеу мерзімін сұратып, мәселені шешу жолдарын қарастырады.
«Біздің араласуымыздан кейін Қызылорда жылу электр орталығы қаржылық қиындықтарға байланысты уақытылы төлеу мүмкіндігінің болмай отырғандығын айтып, қарыздарды кезең-кезеңімен төлеуге сөз берді», - деген Палата заңгері қазіргі жағдайға қатысты – «Негізі жалпы сома 8 млн.теңгеден астам бүгінгі күнге дейін Орталық кәсіпкерлерге 5 109 831 теңге төледі».
Жылу орталығы Палатаға арызданған 8 кәсіпкерге қаржысын қайтарды. Енді қалған бір кәсіпкердің ақшасын жыл соңына дейін аудармақ.
Айта кету керек, осы жылдың 9 айында Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен 9 айының өзінде кәсіпкерлердің 223,7 млн.теңгесі сақталып қалды және 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.