АРАЛДА КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРАЙТЫН ОҢТАЙЛЫ ТОП ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалы директоры Қадырхан Еңсепов аудан кәсіпкерлері алдындағы есепті кездесуде айтты.
Филиал директоры: «Палатаның басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау», - дей келе – «Ауданда прокуратураның Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың жолын кесу мақсатында оңтайлы топ құрылды. Осы мобильді топ Заңсыз тексеру фактілері туралы хабарлама немесе арыз түскен жағдайда жедел топ құрамымен оқиға орнына барып, заңдылығына сай зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жылы кәсіпкерлер тарапынан түскен 9 арыз-шағым өз шешімін тапты», - дейді.
Мұнан өзге филиал заңгерлері арнайы сенім хатпен кәсіпкерлердің мүддесі үшін сот отырыстарына қатысып, құқығын қорғауда.
Есепті кездесуде Қадырхан Еңсепов аудан тұрғындарына көрсетілген өзге де қызмет түрлеріне тоқталды.
Жыл басынан бері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілері кәсіпкер немесе кәсіпкер болуға ниетті 832 аудан тұрғынына мемлекеттік бағдарламалар аясында 2365 кеңес берсе, 167 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсеткен. Мұнан өзге, жыл ішінде 50 азамат «Бизнес-кеңесші» оқыту курсынан өтсе, 211 аралдық «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдірген. Нәтижесінде, Палата мамандарының сүйемелдеуімен жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудан кәсіпкерлері және кәсіпкерлікке ниеттілердің 562,9 млн. теңге болатын 143 жобасы қаржыландырылып, 208 аудан тұрғыны жаңа жұмыс орнымен қамтылған.
Оның ішінде: екінші деңгейлі банктер арқылы 206,1 млн. теңге болатын 9 жоба, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 68,9 млн. теңге болатын 15 жоба, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 274,4 млн. теңге болатын 105 жоба, «Инновациялық гранттар» арқылы 13,5 млн. теңге болатын 14 жоба қаржыландырылған.
Есепті кездесуде аудан әкімі мен прокурор кәсіпкерлерді қолдау бағытында қабылдаған шараларды айтып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.