МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Биыл облыс бойынша электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері 387 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Сонымен қатар, аталған саладағы заңнаманың сақталуы бойынша 31 тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде 17 204 заң бұзушылық анықталып, мемлекеттік мекемелерге қызмет сапасын арттыру бойынша 87 ұсыным енгізілді. Бүгінде оның 68-і орындалып, қалғаны әлі де қарастырылуда.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшылары Т.Нұртаев, Қ.Әбілдаев, Б.Ізкеновтер мәлімдеді.
Олардың айтуынша, есепті мерзімде лауазымды тұлғаларға 14 әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ, аталған департамент тарапынан 3 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекеттік қаржыға 340 350 теңге өндірілді.
– Осы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында 47 мемлекеттік мекемеге жасырын сатып алу жобасы жүргізілді. Нәтижесінде 124 заң бұзушылық анықталып, қазір барлығы қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, алғаш рет шалғай орналасқан елді-мекен тұрғындарына «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. Шара барысында халықтың сұранысына сәйкес – жер, тұрғын үй, әлеуметтік, құрылыс, білім, көші-қон, салық салалары бойынша қызметтер насихатталды. Осылайша ауыл тұрғындарына тегін кеңестер мен сапалы қызмет түрлері көрсетілді, – деді Т.Нұртаев.
Сонымен қатар, есепті мерзімде Әдеп жөніндегі кеңеспен 10 отырыс өткізіліп, барлығы 34 мәселе қаралды. Оның 17-і тәртіптік істер, қалғаны мемлекеттік мекемелер басшыларының, аудан әкімдерінің есептері, кеңес қызметін реттейтін мәселелер мен тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуды қарастыру болды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.