Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аллергиядан абай болыңыз

Аллергиядан абай болыңыз



Мамандар ХХІ ғасырда оның ең көп таралғанын айтады. Дегенмен, көпшілігі аурудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерге барудан гөрі, үйде жүріп өз бетінше ем қабылдағанды жөн көреді. Дегенмен, оған қарсы түрлі әрекет жасап жүргендер де бар. Солардың бірі Талғат есімді қала тұрғыны аллергиямен жиырма жылдан бері күресіп келеді.
– Жаз айы келсе, көзім, мұрным мен тамағым бітеліп, құдды тұмау тиіп қалғандай күйде жүремін. Бойымда әлсіздік сезімі пайда болады. Тамыз айында ауруым асқынып, тіптен күшейіп кетеді. Сондай сәтте оған қарсы ешбір дәрі көмегін тигізе алмайды. Бірақ, осыған дейін денсаулығыма шағым айтып, дәрігерлік тексеруден өткен емеспін. Күннің аптап ыстығы басылғанша өзіме-өзім ем жасап жүре беремін. Оны жеңудің жалғыз әдісі – ол ауаны тазарту. Сол себепті, жаз айында Бурабай жеріне барып, саф ауасымен демалғанды жөн деп санаймын, – деді Талғат.
Иә, жаз басталып, көк шығысымен, аллергиясы бар адамдар әжептеуір әуреге түседі. Алайда мамандар дер кезінде қаралып, аурудың алдын алуды ескертеді. Себебі, аллергияның соңы созылмалы демікпеге ұласып кетуі мүмкін. Бұл жөнінде облыстық кеңес беру орталығының аллерголог-дәрігері Светлана Когай тұрғындардың төмендегіше кеңестерге көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.
– Маусымдық аллергияға шалдыққандар саны жыл санап артпаса, кемімей тұр. Олардың арасында кішкентай балалар да бар. Әсіресе, жаз маусымында шағым айтып келушілер қатары көп. Аурудың бұл түрі өсімдіктер гүлдейтін шілде мен қазан айлары аралығында жүреді. Оның түрі сан алуан. Бүгінгі күні маусымдық аллергиялық ринит немесе аллергиялық конъюктивит өршіп тұр. Ем түрлері әрқалай жүргізіледі. Науқастың ең алдымен неден, шөптің қандай түрінен аллергиясы барын анықтау үшін арнайы лабораторияға қан талдауын тапсырады. Шілде-тамыз айларында жусан, амброзия сынды далалық өсімдіктер гүлдейді. Солардың тозаңы адамдардың мұрнына, көзіне түсіп аталмыш ауруды туындатады. Дәл қазір ешбір ем нәтижесін бермейді. Толық ем-домды тек қыс айларында ғана жүргіземіз. Ал, қазір түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын дәрілердің көмегі арқылы уақытша тоқтатуға болады. Қыс мезгілінде арнайы терапиядан өткен науқас мүлде сауығып кетпегенімен, келесі жылдың жаз мезгілінде аллергиядан жеңіл өтеді. Сондай-ақ, климат ауыстырудың да әсері болады. Бұл аурулар тұқым қуалауы мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мәселен, ата-анасының бірі аталмыш дертке шалдыққан баланың «аллергик» аталуы 40-70 пайызды құрайды, – деді ол.
Мамандар оған қоса, дәрігердің нұсқауынсыз дәріханадан дәрі алып қабылдаудың ағзаға кері әсері тиетінін тілге тиек етті. Мәселен, соңғы кезде аллергияға шалдыққан адамдардан гормоналдық екпені салғызып алатындығын жиі естиміз. Аз да болса жеңілдік беретін мұндай препараттар уақыт өте келе әсер ету күшінің жоғалатынын байқатқан.
Бүгінгі таңда өңірде аллерголог мамандары тапшы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта осындай алты дәрігер қызмет атқарады. Оның үшеуі – балалар дәрігері. Бұл біз секілді экологиялық аймақта тұратын тұрғындар үшін аздық етеді. Өйткені, кез келгеннің климат ауыстыруға мүмкіндігі келмейді.
Психологиялық қысым, экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау секілді себептер аталған дерттің пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, көп ретте аллергия оты тұтанған шақта тамақтану тәртібін қадағалаған жөн. Себебі, жаз мезгілінде кейбір төгіліп пісетін көкөніс пен түрлі жемістер аллергиясы бар жандарға жағымсыздық тудырады. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс.


Айнұр МАМАНҚЫЗЫ



05 тамыз 2019 ж. 1 499 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам